Табысты әңгімелесуден қалай өтуге болады?

Назарбаев Университетінде 1-5 сәуір аралығында өткен симуляциялық әңгімелесу аптасы кезінде студенттер әлеуетті жұмыс берушілермен жұмысқа орналасу кезінде сұхбатқа қатысу дағдыларын пысықтады. Студенттер үшін бұл іс-шара құнды болды, өйткені жұмыс берушілер сұхбаттан өткеннен кейін әрбір қатысушыға жеке қорытындылар мен ұсыныстар берді.
Жылына екі рет осындай іс-шараны Мансап және кәсіби бағдар орталығы ұйымдастырады және өткізеді. Оның мақсаты – соңғы курс студенттерін алдағы әңгімелесуден сәтті өтуге дайындау.

«Мұндай сұхбаттасулар студенттерге университетті бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу кезінде әңгімелесуден өтуге дайындалуға көмектеседі. Біздің орталық сұхбаттасуды өткізу үшін шақыруды қуана қабылдайтын және студенттермен импровизацияланған «әңгімелесулер» шеңберінде кездесулерге қатысатын қазақстандық және халықаралық ірі компанияларды шақыра отырып, 2016 жылдан бастап ұйымдастырып келеді. Бұл жолы 14 компанияның өкілдері студенттермен симуляциялық сұхбатқа қатысты», – деді Мансап және кәсіби бағдар орталығының менеджері Азель Шайхина.

Симуляциялық әңгімелесудің форматы – білім беру мақсатында студенттер үшін кері байланысы бар жиырма минуттық сұхбат өткізу. Кері байланыстың мәні сұхбат аяқталған соң студенттердің өздерін таныстыруы, өзін ұстауы, түйіндемені және т. б. құрастыруға қатысты белгілі бір түсініктемелер бойынша жұмыс берушінің баға беруі болып табылады.
Жұмыс берушілердің әрқайсысы CAC CareerNet орталығының мансаптық платформасында сұхбат жүргізу үшін алдын ала тіркелетін студенттермен тоғыз сұхбат өткізеді.

«Симуляциялық әңгімелесу сұхбаттан өту дағдыларын жақсартуға ерекше мүмкіндік береді, қандай дағдыларды алуға барынша назар аудару керектігін түсінуге көмектеседі, – деп есептейді Инженерия мектебінің студенті Ислам Мұхамедрахым, – әлеуетті жұмыс берушіден кері байланыс алу мүмкіндігі де өте маңызды. Мысалы, мен сұхбаттан өту дағдыларын жетілдірдім және түйіндемені жақсарту бойынша бірнеше жақсы кеңестер алдым».

Ғылым және технологиялар мектебінің студенті Данияр Жолдасбай болашақта жұмысқа орналасу үшін тек теориялық білім жеткіліксіз деп санайды. Іс-тәжірибе, дағдылар мен жұмыс берушіге өзіңді дұрыс ұсына білу, оны қызықтыра алу тәжірибесі қажет. Сонымен, сынақ сұхбатына қатысқаннан кейін ол «өзіме қатысты сын естідім және сұхбат кезінде болған кейбір сәттерді түзетуге тырыстым» – деп тұжырымдады.

Жалпы, студенттердің көпшілігі үшін жұмысқа орналасу кезінде сұхбаттан өту іріктеудің стресс туғызатын бөлігі болып табылады, сондықтан осы тұрғыдан белгілі бір тәжірибесі бар студенттерге болашақта нақты жұмыс берушімен кездесу кезінде әлдеқайда жеңіл болады. Сондай-ақ, сұхбатқа қатысу тәжірибесі студенттерге әрі қарай оқудағы бағдарларды анықтау тұрғысынан да пайдалы.

Сонымен қатар, студенттерге ғана емес, сондай-ақ әлеуетті жұмыс берушілерге де симуляциялық әңгімелесулерге қатысу қызықсыз емес. Мысалы, KazDream Technologies компаниясының маркетинг жөніндегі менеджері Гүлім Мұртованың айтуынша, олардың компаниясы мұндай іс-шараларға екі себеп бойынша қатысады екен. Біріншіден, мұндай іс-шараларда компаниядағы бос орындарға қажетті жақсы мамандарды табуға болады. Екіншіден, компанияда лайықты бос жұмыс орны болмаса да, болашақта команданың бір бөлігі бола алатын талантты балаларды байқауға болады. «Бізде НУ-дың бірнеше студенттері мен түлектері жұмыс істейді, оларды біз өте бағалаймыз. Болашақта осындай іс-шараларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Біздің компания үнемі кеңейіп келеді және бізге әрдайым қосылғысы келетін талантты жастар қажет», – деді ол.

ANCOR компаниясынан келген Адилям Баратова «жалпы әлемдік статистикаға сәйкес, ЖОО түлектерінің 40%-ында нақты мансаптық жоспары жоқ, сондай-ақ балаларда әңгімелесуден өту тәжірибесі де жоқ. Біздің симуляциялық әңгімелесулеріміз бастауыш маманға өзінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға және жұмыс берушімен алдағы сұхбатқа дайындалуға көмектеседі. Сондай-ақ, симуляциялық әңгімелесулер жас мамандарға өздерін сенімді сезінуге, даму бағытын анықтауға және табысты мансап құруға мүмкіндік беретініне ол сенім білдірді. Өйткені Университет те, жұмыс берушілер де елімізде сауатты және тәжірибелі мамандар пулын қалыптастыруға тең дәрежеде мүдделі.