Штрих-коды бар тіркеу нысандары талапкерлерді Назарбаев Университетіне емтихандарға тіркеуді жеңілдетеді

Назарбаев Университеті  алғаш рет талапкерлерді емтиханға өткізу үшін штрих код қойылған тіркеу нысандарын қолданады. Бұл жаңа нысан Астана қаласы талапкерлері жексенбіде 3 наурызда тапсыратын Subject Entrance Test (SET) пәндік емтиханында сынақтан өткізіледі. Келесі жылы бұл тәжірибе еліміздің басқа да өңірлерінде таратылуы мүмкін.
Назарбаев Университетінің Қабылдау департаменті түсіндіргендей, талапкердің штрих-кодын сканерлеу кезінде қабылдау комиссиясы үшін сол сәтте талапкер жөніндегі ақпарат, оның ішінде студенттің бұрынғы емтиханының нәтижесі шығады. Бұл талапкерлерді емтихан тапсыру пунктіне жіберу процесін айтарлықтай тездетеді. Оның үстіне, биылғы жылы екінші емтихан турына жіберілген адам саны елеулі өсіп отыр.
«Біз жыл сайын талапкерлердің дайындық деңгейі өсіп келе жатқанын байқап отырмыз», – дейді Қабылдау департаментінің директоры Динара Ашықбаева. Осылайша, биылғы жылы Университет алдындағы дайындық бағдарламасы бойынша тіркелген талапкерлердің 75%-дан астамы ағылшын тілінен бірінші емтиханды ойдағыдай тапсырып, таңдаған мамандықтары бойынша пәндерден екінші емтиханға жіберілді. Салыстырар болсақ, 2012 жылы SET пәндік емтиханын бастапқы тіркелген талапкерлер санының тек 55%-ы ғана тапсырған.
2013 жылдың 3 наурызында  SET пәндік емтиханы Астана және Алматы қалаларында өтті. Оған 1500-ге жуық талапкер қатысты. Емтиханды тапсыру Қазақстанның 11 қаласында наурыздың 3 – 17 аралығында деп жоспарланған.  Наурыз айының ортасында Талдықорған қаласында (Алматы облысы) республикалық олимпиада өтетінін ескере отырып, Назарбаев Университеті талапкерлерге қолайлы болу үшін осы қалада SET пәндік емтиханын тапсырудың қосымша пунктін ұйымдастырды.
Қазіргі уақытта Назарбаев Университеті  Университет алдындағы дайындық бағдарламасына, сондай-ақ Жоғары бизнес мектебіне, Жоғары мемлекеттік саясат мектебіне және Жоғары білім беру мектебіне магистрлік бағдарламаларына талапкерлерді қабылдауды өткізуде.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында университет студенттерді тікелей бакалавриат бағдарламасына, сондай-ақ басқа жоғары оқу орнынан университетімізге ауысатын студенттерді қабылдауды бастайды. Назарбаев Университетінде небары 1500 студент білім алуда.  Академиялық бағдарламаларды университеттің алты мектебі бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша ұсынады.

Назарбаев Университеті Коммуникациялар және маркетинг департаменті:
010000, Астана, Қабанбай батыр даңғ., 53, 1115 каб.
+7(7172)706087, 706089, 706191, 706618
pressa@nu.edu.kz, www.nu.edu.kz