ReLive жобасы Дүниежүзілік Банктің грантына ие болды

Назарбаев Университетінің инсульт пациенттерді оңалту бойынша  ReLive ғылыми стартап-жобасының командасы ҚР БҒМ “Өнімді инновацияларды ынталандыру” бірлескен жобасы шеңберінде Дүниежүзілік Банктің грантына ие болды.

– Біз дайын өнім жасауымыз қажет, сондықтан алған ақша бағдарламалық қамтамасыз ету және экзоскелет әзірлеуге жұмсалады. Келесі кезеңде біздің команда сынақтар өткізумен, өнертабысты сертификаттаумен және тіркеумен айналысады. Бұдан кейін өнім сату үшін қолжетімді болады,- – деп хабарлады Назарбаев Университеті Инженерия мектебінің докторанты Бейбіт Әбдікенов.  

Айта кету керек, 2019 жылдың 7-8 наурызында Назарбаев Университеті Инженерия мектебінің профессоры Прашант Джамваль және Бейбіт Әбдікенов бастаған ғалымдар командасы Женевада (Швейцария) “Assistive Technology in Accelerating Learning and Participation of Children with Disabilities” (мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуы мен қатысуын жеделдетудегі көмекші технологиялар) БҰҰ қамқорлығы аясындағы арнайы көрмеде сәтті өнер көрсетті.

– Біз Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының 160-тан астам тұрақты делегацияларының, халықаралық және үкіметтік емес мекемелердің, ғылыми және зерттеу қоғамдастықтарының, мүгедектер ұйымдарының өкілдеріне, сондай-ақ көптеген елдердің салалық серіктестері мен өнертапқыштарына біздің өнертабысымызды көрсеттік. Біздің команда БҰҰ Бас директоры, Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар Михаэль Меллер мырзаның, ЕО сандық технологиялар және қоғам жөніндегі комиссары Мишель Бачелет ханымның, Бас директордың Төтенше жағдайлар мен жауапты іс-қимылдарға дайындық жөніндегі орынбасары (ДДҰ) Мария Габриэль ханымның, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Афшан Хан ханымның оң пікірлері мен  қолдауларына  ие болды. Осы мүмкіндікті пайдаланып біздің университетіміз бен Қазақстан туралы айтып бердік, біз өз миссиямызда табысқа жеткенімізге сенеміз, – деді профессор Прашант Джамваль.

Бұған дейін хабарланғандай, ReLive – инсульттен кейін пациенттерді оңалтуға арналған инновациялық шешім, ол өзінде ми сигналдарын есептеуге және тануға арналған  құрал-жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді, микроконтроллерді және аяқ-қолдың экзоқаңқасын қамтиды.

Жүйе экзоқаңқаны (жасанды қол-аяқты) оймен басқаруға мүмкіндік береді бұл пациенттерді қалпына келтіру процесін жеделдетуге жол ашады. Қазіргі уақытта прототип алдын ала тексеру жұмыстарынан өтіп, толыққанды жұмыс істеуде.

Ал осы күндері университетте Инженерия мектебінің бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларына талапкерлерді онлайн-тіркеу өтуде. Толық ақпаратты қабылдау комиссиясының сайтынан таба аласыздар. apply.nu.edu.kz және Инженерия мектебінің сайтында – www.seng.nu.edu.kz.