ReLive жобасы БҰҰ көрмесінде ұсынылады

Relive – инсультпен ауыратын пациенттерді оңалту жөніндегі Назарбаев Университетінің ғылыми жобасы БҰҰ қамқорлығымен өтетін арнайы көрмеде ұсынылатын болады. “Assistive Technology In Accelerating Learning and Participation of Children with Disabilities” көрмесі (мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуы мен қатарға қосылуын  жеделдететін  қосымша технологиялар) 2019 жылы 7-8 наурызда Женевада өтеді.

2018 жылдың қазан айында Relive командасы Астанада Digital Health көрмесінде ең үздік сандық шешім үшін марапатқа ие болды және осы инновациялық әзірленімнің жетістіктерін ЮНИСЕФ басшысы Генриетта Форд ханым атап көрсетті. Жуырда ReLive стартапының басқа 19 қатысушы қатарында 86 халықаралық жоба арасынан БҰҰ көрмесіне қатысу үшін іріктеуден өткендігі белгілі болды.

ReLive – пациенттерді инсульт алғаннан кейін оңалтуға арналған  инновациялық шешім, ол өзінде  мидың, микроконтроллердің және қол экзосқаңқасының сигналдарын оқып-есептеу мен тарқатып тануға арналған жабдықты және бағдарламалық қамтамасыз етуді қамтиды. Мидың сигналдарын  мобильді электроэнцефалограф оқып-есептейді, одан кейін компьютерге жазылады. Жүйе экзосқаңқаны (жасанды қолдарды) оймен басқаруға мүмкіндік береді, бұл пациенттердің денсаулығын қалпына келтіру процесін жеделдетуге жол ашады. Қазіргі уақытта прототип алдын ала тексеру жұмыстарынан өтіп, толыққанды жұмыс істеуде.

Жобаны ассистент-профессор Прашант Джамвал (Инженерия мектебі) және докторант Бейбіт Әбдікенов (Инженерия мектебі) бастаған Назарбаев Университетінің студенттері мен ғалымдары әзірлеген. Жобаның қатысушылары робот техникасы, машинамен оқыту және жасанды интеллект, медицина саласындағы мамандар: А. Капсалямов, Б. Жолдасхан, З. Ықласов, А. Шәріпов, сондай-ақ № 1 ҚА дәрігер-невропатолог Р. Таутанова.