Қазақстан Президенті Назарбаев Университетіне келді

Өз сапарын Нұрсұлтан Назарбаев университеттің кампусында орналасқан студенттік жатақханалардан бастады. Бейресми кездесуде студенттер Назарбаев Университетіндегі оқу процесі мен тұрмыс жағдайлары туралы әңгіме айтты.

Содан кейін Мемлекет Басшысы Назарбаев Университетінде 2012 жылдың қарсанында ашылған зертханаларды қарап шықты. Осы тізімде: биология зертханасы, молекулярлық биология және биохимия, биотехнологиялар, микробиология, препараторлық және стерилизация бөлмесі, оптика зертханасы, сондай-ақ химия, аналитикалық химия және химиялық заттардың синтезі сияқты зертханалар бар. Бүгінгі күні осы жерде Foundation бағдарламасының, бакалавриат бағдарламасының студенттері, сондай-ақ жас ғалымдар зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар, Энергетикалық зерттеулер орталығы мен Өмір туралы ғылымдар орталығының ғалымдары осы зертханаларда 40-тан астам ғылыми жобалар бойынша зерттеулер жүргізіп жатыр.

Елбасының университетке келу бағдарламасына сондай-ақ Назарбаев Университетінің кітапханасы да енгізілген. Қазіргі кезде университеттің кітапханасы Қазақстандағы ең озық академиялық кітапхананың бірі болып табылады және ағылшын тіліндегі ең үлкен кітаптар коллекциясына, мерзімдік баспа мен электрондық ресурстарға ие болып отыр. Кітапхана сканерлеу, кітаптарды тазалау сияқты заманауи құрал-жабдықтармен, сондай-ақ мүмкіншіліктері шектелген пайдаланушыларға арналған құрал-жабдықтармен жабдықталған. Кітапханада қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының, сондай-ақ университет қызметінің академиялық мәселесі туралы ақпараттың тұсаукесерлері өткізілді.

Қазіргі кезде Назарбаев Университетінде 942 студент білім алып жатыр, оның ішінде 482 –Foundation бағдарламасында, 460 студент – бакалавриаттың 1-курсында оқиды. Бакалавриат бағдарламасы бойынша оқытуды Инженерия мектебі, Ғылым және технологиялар мектебі, сондай-ақ Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі жүргізеді.

2012-2013 оқу жылына Назарбаев Университетіне Қазақстанның барлық аймақтарынан 4178 талапкер тіркелді. Сонымен қатар, басқа елдерден 45 өтінім түсті. Биыл Қазақстанда Foundation бағдарламасы бойынша Назарбаев Университетінде білім алу үшін Қазақстан азаматтарына тағы да 500 мемлекеттік грант бөлу жоспарланып отыр.

1 наурызда Қазақстанның 16 аймағының ішіндегі 12-сінде BCEPT – ағылшын тілі бойынша бірінші емтихан өтті. Сонымен қатар, Назарбаев Университеті биыл Foundation бағдарламасына оқуға түспей-ақ тікелей бакалавриат бағдарламасына оқуға студенттерді қабылдайтын болады.

Сапарының соңында Нұрсұлтан Назарбаев университеттік кампустың құрылыс жоспарымен танысты.

Назарбаев Университетінің Коммуникациялар және маркетинг департаменті:
010000, Астана, Қабанбай батыр д., 53, каб.111
+7(7172)706087, 706091, 706089
pressa@nu.edu.kz