Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу шеңберінде Назарбаев Университеті Челябинск қаласындағы көрмеге қатысты.

 

2017 жылғы 9 қарашада Челябинскіде Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастығы форумы өтті.  Адам капиталын дамыту тақырыбына арналған форумның жұмысына екі ел өңірлерінің басшылары, мемлекеттік органдардың, іскерлік топтардың өкілдері, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы сарапшылар мен мамандар қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев адам капиталының барлық негізгі компоненттері – білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығын және әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру қажет екенін атап өтті: «Бүгінгі күні Қазақстанның 30-дан астам жоғары оқу орны ресейлік әріптестерімен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізуде. Қазақстан мен Ресей ғалымдарының перспективалы бағыттар бойынша ғылыми консорциумын құру мәселесін қарастырған жөн. Атап айтқанда, био- және ақпараттық технологиялар, энергетика, ғарыш және басқа да салалар бойынша». Қазақстан Президенті Назарбаев Университеті, Инновациялық технологиялар паркі, Ресейдің «Сколково» орталығы және басқа да ғылыми-зерттеу құрылымдары сияқты инновациялық кластерлердің әлеуетін пайдалануға болатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге қазақстандық және ресейлік білім беру жүйесінің экспозициялары ұсынылған «Адам капиталын дамыту» көрмесіне қатысты.

 Қазақстан тарапынан  Назарбаев Университетінің Студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вицепрезиденті  Қадиша Даирова  Қазақстанның жетекші сегіз жоғары оқу орындарындағы білім беру қызметі туралы ақпарат берді.  

«Осы көрмеде Қазақстанның 130 оқу орындарының ішінде жоғары білім беру жүйесін дамыту саласында үздік болып табылатын 8 жоғары оқу орны ұсынылған. Олардың барлығын ортақ миссия біріктіреді – Қазақстанды халықаралық, ғылыми және білім беру хабы ретінде дамытуға жәрдемдесу. Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастығы форумы  шеңберінде екі ел ректорларының осы кездесулері екі елдің білім беру саласындағы достық, тату көршілік қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді және мамандардың бәсекеге қабілеттілік дағдыларын дамытады».

Челябинск қаласына сапар барысында  Назарбаев Университетінің өкілдері Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінде болды, олар университеттің қызметімен, ғылыми жобаларға гранттар бөлу және университеттердің ынтымақтастығы бойынша бағыттарды анықтау тәжірибесімен  танысты. Кездесу қорытындысы бойынша Назарбаев Университетінің Студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вицепрезиденті  Қадиша Даирова  және Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің ректоры Александр  Шестаковтың арасында ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қою бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Сіздің университетіңіздің негізгі қағидаты білім, ғылым және өндіріс арасында тығыз байланыс орнату болып табылады, біз де осы қағидатты қабылдағымыз келеді. Қазақстанда осындай өндірістер дамып келе жатқанда, біз өз күшімізді біріктіре аламыз. Біздің жас инженерлеріміз сіздердің зертханаларыңызға  келе алар еді. Осындай қуатты электр қозғалғыштарын және олардың іс жүзіндегі жұмысын  Челябинскіде болмаса, басқа жерде олар көре алмайды. Сіздердің бакалаврларыңыз біздің университетіміздің магистратура бағдарламаларына, ал магистранттар  PhD бағдарламаларына түсе алады. Менің ойымша, біздің ынтымақтастығымыз студенттерге Еуразия кеңістігінде сұранысқа ие болу мүмкіндігін береді», – деді Назарбаев Университетінің Студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вицепрезиденті  Қадиша Даирова.

Өздеріңізге мәлім болғандай, Қазақстан мен Ресейдің ХIV өңіраралық ынтымақтастығы форумы шеңберінде Оңтүстік Орал мемлекеттік университеті қабырғасында Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындары ректорларының форумы өтті. Оның жұмысына 126 ЖОО қатысты. Қазақстан 49 ЖОО ұсынды. 

Анықтама: Көрмеде ұсынылған білім беру ұйымдары: Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері, «БілімИнновация» ХҚҚ, «Bilim Media Group» ЖШС, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Халықаралық Ақпараттық Технологиялар Университеті,  Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU), Сүлейман Демирель атындағы Университет, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Қаржы академиясы.