Қазақ әдебиетін оқыту методикасы Назарбаев Университетінде талқыланды

2018 жылдың  6-сәуірінде Назарбаев Университетінде «Рухани жаңғыру: Әдебиет пен мәдениет  – ұлттың рухани тамырлары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Әдебиет пен мәдениет ұлттық құндылық екендігіне жастарды баулу,  оны сақтаудың жолдарын оқытушылардың, студенттердің ғылыми ізденістерін талқылау конференцияның негізгі мақсаттары болып табылды. 

Конференция шеңберінде республиканың филолог, педагог ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары, студенттері, мектеп мұғалімдері баяндамалар жасады. Қазақ әдебиетінің білім мазмұны, оқыту методикасы, қазіргі замандағы тұлға қалыптастырушылық рөлі кеңінен талқыланды.

Конференцияға Назарбаев Университетінің  студенттерінің конференция тақырыптарын талқылауға деген қызығушылығы, белсенділігі жоғары болды. Республика аймақтарының мектеп басшылары мен мұғалімдері филолог емес НУ студенттерінің  қазақ тілі, әдебиетіне қызығушылығына, ғылыми ізденістері мен нақты ұсыныстарына тәнті болып, өздерінің ойларын, тілектерін білдірді.

Конференция қорытындысында осындай форматтағы ғылыми-практикалық конференцияларды жыл сайын өткізіп отыру, студенттердің ғылыми баяндамаларын тыңдау, сараптау мәселелері, жоғары оқу орындарының барлық факультеттерінде қазақ әдебиетін міндетті оқытудың қажет екендігі дәлелді айтылып, қаулы қабылданды.