Онлайн форматтағы кітапханашылар мектебі

Назарбаев Университетінің кітапханасы Қазақстанның жоғары оқу орындары кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша жыл сайынғы тренингті өткізді. Берілген іс-шара 2020 жылдың 9-10 желтоқсанында Кітапхана технологиялары мектебінің семинары аясында өтті. Бұл жолы тренинг вебинар форматында ұйымдастырылып, оған Ақтөбе, Алматы, Арқалық, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Нұр-сұлтан, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған және Орал қалаларынан еліміздің жоғары оқу орындары кітапханаларының 300-ден астам басшылары мен мамандары қатысты. 

Вебинар спикерлері – Қазақстан, Ресей және Украина мамандары репозиторийлерді басқару бойынша өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісті, сондай-ақ академиялық саладағы маркетингтің соңғы үрдістері жөнінде айтып берді. Вебинар барысында қатысушылар теориялық білім мен практикалық дағдыларды меңгерді. Тренинг екі блокқа бөлінді: 

  • “Ашық ғылым” және “Ашық қол жетімділік” бастамалары. Институционалдық репозиторийлер”.
  • “Маркетинг. SMM және кітапханашы. Медиа және ақпараттық сауаттылық”.

Вебинардың әр қатысушысы – бақытты адам! Жаңа онлайн-форматтың арқасында ешқайда шықпай-ақ бұл салалардың бастауында тұрған тәжірибелі көшбасшыларды тыңдау өте ыңғайлы. Біз кітапхананың жұмысы және оның барлық қызметі туралы жаңа мағлұмат алдық. Сонымен қатар, мұның бәрі бізге осындай түсінікті әрі нақты біліммен ұсынылып отыр. Ең бастысы – техниканы жақсы жұмыс қалпында ұстау. Оқуға, үйренуге мүмкіндік бергеніңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Жаңа идеяларды түсінетін, қолданатын және олармен бөлісетін адамдарды көру әрі тыңдау әлдеқайда жағымды, ал бұл өз кезегінде сіздің тарапыңыздан жүйелі-әрекеттік тәсіл болып табылады!” – вебинарға қатысушы Фарида Нуркешова, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Кітапханалық-ақпараттық орталық директоры, өз әсерлерімен бөлісті.

Семинар-тренингтің соңында қатысушылар Назарбаев Университетінде біліктілікті арттыру курстарынан өткендігін растайтын сертификаттарға ие болды.

Анықтама: Кітапхана технологиялары мектебі – Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары кітапханаларының басшылары мен мамандарының көшбасшылық және кәсіби құзыреттерін дамыту әрі жетілдіру мақсатын көздейтін тренинг-орталық. 2012 жылдан бастап Назарбаев Университетінің кітапханасы Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығымен бірлесіп, әртүрлі форматтағы кәсіби іс-шараларды ұйымдастыра отырып, заманауи ақпараттық технологиялар мен кітапхана ісі саласындағы озық тәжірибені қолданады.  

Олар туралы толық ақпарат алу үшін НУ кітапхана веб-сайтын қараңыз https://nu.kz.libguides.com/SLT.

 Вебинар жазбасы кітапхананың Youtube каналында қол жетімді.