НУ түлектер қауымдастығын неге құру керек: сұрақтар мен жауаптар

Біздің қонағымыз  – Арман Қоңқабай, «NU Alumni» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры, Назарбаев Университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің 2015 жылғы түлегі. Арман өзінің жұмысы және жаңа ұйымының жоспарлары туралы айтып береді.

– Біздің «NU Alumni» ұйымымыз жуырда құрылған. Біз 2018 жылдың 8 қарашасында тіркелдік. 2015 жылы алғашқы шығарылымнан кейін дереу НУ түлектері өздерінің алғашқы тобын құрды. Бүгінгі таңда біздің университет түлектерінің жалпы саны 2600-тен асты. Біз ресми түрде тіркеліп, өзімізді қоғамдық бірлестік ретінде жариялағымыз келеді. Біздің атқаратын нақты істеріміз – өзіміздің түлектеріміздің бастамаларын қолдау және НУ қоғамдастығымен өзара қарым-қатынас жасау. NU Alumni-дің ұйымдық құрылымы мен жоспарларын әзірлегенде біз шетелдік ЖОО тәжірибелеріне сүйендік, түлектердің бірлестігін ұйымдастыруда best practices тәжірибесін пайдаландық. Біз үшін АҚШ университеттерінің қазіргі кезде белсенді жұмыс істейтін түлектер қауымдастықтары үлгі болады.

Осы бірлестіктің жетекші ретінде сіздің міндеттеріңіз қандай?

– Ең алдымен, бұл бірлестіктің басты мақсаты – өзі оқыған университетімен қарым-қатынасын одан әрі жалғастырғысы келетін барлық түлектердің басын қосу. Біздің жоспарымызға университет түлектерінің атынан НУ-дың қоғамдық және әлеуметтік өміріне қатысып ерекшеленген немесе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын студенттерге стипендия тағайындау енгізілген. Университет түлектерінің қазіргі оқып жатқан студенттерге тәлімгер болуын меңзейтін менторлық институтын құру да жоспарда бар. Бұл практика қазірдің өзінде қолданылуда, бірақ біз бұл істі жүйелі түрде жүргізгіміз келеді.

Сонымен қатар, біз жыл сайын университет түлектерінің форумын өткіземіз. Бұл түлектеріміздің университетте оқуды аяқтағаннан кейін кездестірген әртүрлі мәселелерді талқылайтын жалпыға ортақ алаң болып табылады. Осының бәрі және басқа да көптеген мәселелер біздің жоспарымызда бар. Дегенімен, біз қазір осы жоспарларды іске асыруға қатысты жұмыстарымызды бастап кеттік.

Іске асырылып жатқан жобаларымыз деп интеллектуалдық ойындарды айтуға болады. Біз жолымызды енді бастағалы тұрмыз, сондықтан біз үшін қазіргі кездегі негізгі міндет – бұл ұйымдастыру жұмыстарын жүргізу, университет қоғамдастығына NU Alumni-дің мақсаты мен миссиясы жайлы жеткізу, networking-ті жақсарту.

Осындай түлектердің бірлестігін құрудың пайдасы бар деп ойлайсыз ба, болса қандай?

– Осындай бірлестіктерді құру түлектер үшін де, университетке де өте қажет деп ойлаймын. Түлектер үшін бұл – кәсіби және әлеуметтік қарым-қатынасты ұйымдастыру және пайдалану, байланыс орнату тәсілі. Жетістікке ие болған түлектер өз кезегінде университеттің беделін көтеруге және талапкерлерді, оның ішінде шет елдерден де (біздің түлектеріміздің орналасу географиясының кеңдігін ескерер болсақ) тартуға көмектеседі. Сонымен қатар, түлектер қауымдастығы студенттерге болашақта жұмысқа орналасуға да көмектесіп, университеттің, оның мектептері мен бағдарламаларының дамуына үлес қосып, университетпен бірлесіп қызықты іс-шаралар өткізе алады.

Сіз университетте оқыған кездегі қандай сәттерді есіңізге түсіресіз?

– Университетте оқыған кезім мен үшін жалпы өте маңызды әрі қызықты  болды, сондықтан  маған есте қалған бір ғана сәтті бөліп айту қиын. Мен студенттік жатақханадағы өмір, жатақханаға орналасу, оқудағы және емтиханға дайындалу кезіндегі қиындықтар, студенттердің көркем өнеріне қатысу, акустикалық кештер, концерттер және клубтардағы жұмыс жайлы айтар едім. Бір сөзбен айтқанда, оқыған кезде университет кампусында тұрған әрбір студент басынан кешіретін оқиғалар, эмоциялар, сезімдер және еске түсіретін сәттер.  

Сіз өзіңізбен бірге оқыған курстастарыңызбен жиі кездесесіз бе?

– Жұмысыма байланысты мен өзіммен бірге оқыған курстастарыммен және басқа да оқу бітірушілермен өте жиі кездесемін. Айтқым келетіні, өзі оқыған оқу орнымен байланысын үзгісі келмейтін түлектер өте көп. Олар университет туралы жаңалықтарды біліп отырғысы келеді. Мүмкіндігінше, университеттің өткізетін іс-шараларына қатысуға тырысады. Бүгінгі таңда біздің Аlumni-дің өз веб-сайты, әлеуметтік желілері, телеграмм-арналары бар. Сонымен қатар, қазір біз түлектеріміздің дерекқорын жасау жұмысын бастап кеттік. Мен оқу бітірген жылына қарамастан, түлектердің барлығымен әлсін-әлсін хабарласып отырамын.

Қазіргі студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Мен біздің университетті студенттердің өз мүмкіндіктерін барынша көрсете алатын білім ордасы деп есептеймін. Ең бастысы, өз туған еліңде әлемнің ең жақсы жоғары оқу орындарынан келген, әлемдік деңгейдегі профессорлардан білім алу болып табылады. Сондықтан университеттің қабырғасында өткізген әр сәтті бағалап, бүгінгі таңда Назарбаев Университеті беріп отырған мүмкіндіктердің барлығын барынша пайдалануға тырысу керек деп ойлаймын.