НУ студенттері «Student Energy Challenge 2020» байқауының жеңімпаздары атанды

Назарбаев Университетінің екі командасы «Student Energy Challenge-2020» байқауының жеңімпаздары атанды. «NaizagAi» командасы «Пайдалы қазбаларды өңдеу жұмыстарын оңтайландыру үшін компьютерлік көру жүйесін дамыту» жобасымен және «Refillme» командасы «Refillme – сұйық тұрмыстық химия өнімдерін сатуға арналған автоматтар желісі» жобасымен жүлделі 1 және 2-орындарға ие болды.  Ал С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «AirFlux» командасы «Инновациялық гермицидтік ауа желдеткіштерінің өндірісі» жобасымен 3-ші жүлделі орынға ие болды.

«Naizagai» және «Refillme» командаларының мүшелері – Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі мен Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің студенттері:

«NaizagAi» командасының құрамына Бекмырза Марат, Бахтияр Ақжол, Илияс Мухлис, Байжан Дархан және Кайнолда Яссауи (Электрлік және электронды инженерия) кіреді.

«Refillme» командасының құрамына Алуа Жолғазы (Электрлік және электронды инженерия), Анэяа Тынысбек (Химиялық инженерия), Әлия Өмірханова (Экономика), Сержан Омаров (Электрлік және электронды инженерия) кіреді.

«Student Energy Challenge» – бұл   энергетикалық мәселелерді шешуге арналған жобалар мен инновациялық идеяларды ұсынатын Қазақстандағы технологиялық жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы жыл сайын өткізілетін интеллектуалды жарыс. Байқауды KAZENERGY қауымдастығы Shell Kazakhstan серіктестігімен және қаржылық қолдауымен 2017 жылдан бері өткізіп келеді.

Байқаудың жүлде қоры келесідей бөлінді:
1 орын – 10000 АҚШ доллары;
2 орын – 5000 АҚШ доллары;
3 орын – 3000 АҚШ доллары.

Конкурсқа қатысуға өтінімдерді Қазақстан Республикасының 9 облысынан 18 білім беру мекемелерінен 60 команда жіберді. Жарыстың финалына тек 14 команда өтті.
«Student Energy Challenge» интеллектуалды командалық байқауының финалына Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі студенттерімен бірге 3 команда қатысты – «Refillme», «Кислородные» және «Найзағай».

Барлық қатысушыларды жемісті еңбегімен құттықтаймыз, сіздердің жобаларыңыз әлемді өзгертетініне сенімдіміз!