NU Step to PhD, НУ ИЦҒМ докторанты Кайоде Олайфамен

Біз Назарбаев Университетінің докторанттарымен сұхбаттасу топтамасын жалғастырудамыз. Бұл жолы біз Нигериядан келген біздің шетелдік зерттеуші, НУ Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің докторант-студентімен Кайоде Олайфпен әңгімелесеміз.

1) Сіз – НУ докторантысыз. Сіз зерттеу және диссертация тақырыбын таңдадыңыз ба?

Сізге қалай айтсам болады. Қазір менің зерттеу бағытымды көрсететін жұмыс, эксперименттік зерттеу тақырыбым бар. Мен оны “эксперименттік” деп атадым, өйткені ол менің зерттеуімнің ілгерілеуіне қарай алатын нәтижелерге байланысты өзгеруі мүмкін. Менің тақырыбым “Микробтық биопленкалардың биоэлектрохимиясы – клиникалық қолдану құралы” деп аталады.

2) Сіздің зерттеулеріңіздің нәтижелері нақты өмірде қолданыла ма?

Әрине, біздің басты мақсатымыз – зерттеу нәтижелерін нақты өмірде қолдану. Микробтық биопленкалар клиникалық инфекциялардың шамамен 80%-ына себеп болатыны  белгілі және микробқа қарсы препараттарға төзімділігі жоғары болғандықтан, олармен күресу өте қиын. Сондықтан болуы мүмкін шешімдерге ерте диагноз қою және микробқа қарсы терапияны дұрыс таңдау жатады. Сондықтан біздің жұмыс микробтық биопленкаларда тікелей немесе жанама электроактивтілік құбылысын пайдалануға бағытталған – бұл сезімтал электрохимиялық технологиялардың көмегімен оларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

3) Сіз НУ-да басқа зерттеу жобаларымен айналысасыз ба?

Мен докторантпын, сондықтан мен ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеймін және зертханамның бірнеше басқа зерттеу жобаларына қатысамын. Олардың бірі – арзан және экологиялық таза, қақтан тазартқышты жасау. Бұл жоба маңызды, өйткені әк қалдықтарының пайда болуы Қазақстанда, ең алдымен, судың қаттылығы мен басқа да физика-химиялық қасиеттеріне байланысты жиі кездесетін мәселе болып саналады. Көбінесе үйлердегі және өнеркәсіптік кәсіпорындардағы металл және болат құбырлар оңай ластанады, ал қазіргі кездегі тазарту әдістері тым қатты, қымбат немесе аз тиімді. Қазіргі уақытта мен қатысқан Айшолпан Казиуллаеваның жобасының арқасында біз электрохимиялық және микроскопиялық әдістердің көмегімен ашытудың жанама өнімін қолдану қақтан тазарту үшін тиімді екенін растай алдық.

4) Болашақ докторанттармен кеңестеріңізбен бөлісіңіз

Мен өз тәжірибемнен PhD бағдарламасына түскісі келетін адамдарға мынаны айтар едім.

– Біріншіден, мектептің және сіздің болашақ департаменттің академиялық талаптарымен танысыңыз, оқуға түсуге өтініш беру үшін құжаттарды дайындаңыз. Бұл құжаттардың тізбесіне әдетте бакалавр және магистр дипломдарының орташа балға қойылатын ең төменгі талаптары бар көшірмелері, ағылшын тілін меңгерудің жеткілікті деңгейін растайтын сертификат (мысалы, TOEFL) және басқалары кіреді.

– Әлемнің басқа да көптеген университеттері сияқты НУ докторантурасына түсу үшін өтінімде сізді қабылдауға және сіздің зерттеуіңіз бойынша сізбен жұмыс істеуге дайын уақытша / әлеуетті ғылыми жетекшіні көрсету қажет. Жетекшіні табудың ең жақсы тәсілі –Мектептің веб-сайтына кіріп, қазіргі профессорлардың зерттеу профильдерін мұқият оқып шығу керек. Содан кейін сіз зерттеуге қызығушылық танытатын адамдардың кем дегенде екі-үшеуімен хабарласуыңыз керек. Хатыңызда қысқаша және сыпайы болыңыз, академиялық біліміңіз бен зерттеу тәжірибеңіз сияқты мәліметтерді көрсетіңіз. Егер сіз бәрін дұрыс жасасаңыз, кем дегенде профессорлардың бірінен жауап аласыз. Осыдан кейін сіз PhD-ге өтініш беру процесінің тағы бір ажырамас бөлігі болып табылатын research proposal деп аталатын зерттеу тақырыбын талқылай аласыз.

– Сіздің әлеуетті ғылыми жетекшіңізбен келісім негізінде зерттеу тақырыбы бойынша әдебиеттерге сыни талдау жасаңыз және белгілі бір тақырып/мәселе бойынша зерттеу жобасын жазыңыз. Қысқаша және әдістемелік болыңыз. Оны түзету үшін ғылыми жетекшіңізге жіберіңіз, содан кейін қабылдау процесін жалғастырмас бұрын қажет нәрсенің бәрін түзеткеніңізге көз жеткізіңіз.

– Аспирантураға түсудің тағы бір маңызды аспектісі – ұсыным хаттар. Сауалнаманы толтыру барысында рецензенттердің кем дегенде екеуінің байланыс деректерін ұсыну өте маңызды. Сондықтан өтінімді беруді бастамас бұрын, ұсынымберушілерге алдын ала хабарлауды және оларға мектеп пен бағдарлама туралы толық ақпарат беруді ұсынамын. Бұл үшін сіздің магистратура және бакалавриат бойынша оқытушыларыңыз қолайлы.

– Сайып келгенде, PhD-ге құжаттарды сәтті тапсырғаннан кейін де ғылыми жетекшіңізбен хабарласыңыз.