НУ-дың негізін қалаушы Университеттің жаңа зерттеу зертханаларында болды

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Күні, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Университеттің жаңадан ашылған C-4 ғылыми-зерттеу кешенінде, сондай-ақ Университеттің ғылыми жобаларының көрмесінде болды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Назарбаев Университетінің, Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің және Назарбаев Қорының Жоғары қамқоршылық кеңесінің Тұңғыш Төрағасы болып табылады.

Көрмеде инженерия, жаңа материалдар, биомедицина бағыттары бойынша және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалар ұсынылды. Жалпы аумағы 18 мың шаршы метрден астам С-4 ғылыми-зерттеу кешенінің құрамына 117 жаңа инженерлік-техникалық және химиялық-биологиялық зертханалар кіреді. Қазақстан Республикасының Президенті C-4 ғылыми-зерттеу кешенінің бес зертханасында, атап айтқанда, 1) электронды микроскопия зертханасында, 2) атомдық-күш микроскопиясы зертханасында, 3) робототехника және зияткерлік жүйелер зертханасында, 4) озық робототехника және мехатрондық жүйелер зертханасында, 5) энергетикалық ғарыш зертханасында болды.

Жаңа зертханалардың қысқаша сипаттамасы:

Электронды микроскопия зертханасы

Зертханада сканерлейтін және рентген сәулесін түсіретін екі электронды микроскоп бар. Микроскоптар бірін-бірі толықтырады, бұл медицина мен биологиядан бастап материалтануға, физика мен инжинирингке дейінгі көптеген міндеттерді шешуге кешенді түрде қарауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда зертхана қызметкерлері Балқаш көлінің планктондарына ауыр металдармен ластанудың әсерін зерттеу жұмыстарымен айналысуда.

Атомдық-күш микроскопиясы зертханасы

Зертханада атомдық-күш микроскопы және Raman тоғыстау микроскопы орнатылған, олар биомаркерлерді, оның ішінде қатерлі ісік биомаркерін анықтау үшін қолданылады. Құралдар өте төмен концентрацияда (миллиардтан кем бөлігі) биомаркерлерді анықтауға мүмкіндік береді, сондықтан қатерлі ісікті ерте диагностикалау үшін әлеуетті түрде пайдаланылуы мүмкін.

Робототехника және зияткерлік жүйелер зертханасы

Зертхана робототехника және мехатрондық жүйелерді жобалау мен басқару саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қазіргі жобалардың бірі – Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін көмекші робот-манипулятордың зияткерлік жүйесін әзірлеу. Зертхананың басқа да жобаларының ішінде өнеркәсіп жағдайында бірлескен міндеттерді шешуге арналған зияткерлік көмекші робот жүйесін жасау болып табылады.

Озық робототехника және мехатрондық жүйелер зертханасы

Зертхана басқару мен машиналық оқытудың үздік әдістерін қолдана отырып, робот техникасы жүйелерінің дизайны мен оларды енгізуге мамандандырылған. Зерттеу жұмыстары робототехника, жасанды интеллект және зияткерлік жүйелер сияқты салаларды үйлестіріп жүргізіледі.

Энергетикалық ғарыш зертханасы

Осы зертхана Нобель сыйлығының лауреаты доктор Джордж Ф. Смуттың (Берклидегі Калифорния Университеті, АҚШ) бастамашылығымен құрылған және Назарбаев Университетінде Ғаламның пайда болуы мен эволюциясын зерттейтін ғарышнама және астрофизика тобы болып табылады. Зертхана ғарыштық құбылыстарды зерттейтін озық жобалармен жұмыс істейді. Зертханада аса жоғары өткізгіш детекторлары мен ажыратымдылығы жоғары датчиктер технологияларын зерттеу үшін аса төмен температуралардың (- 273С дейін) криогенді қондырғысы орнатылған. Зертханада, сондай-ақ екі телескоп жұмыс істейді, олардың біреуі Назарбаев Университетінің аумағында, ал екіншісі гамма-шоғырларды зерттеу үшін Алматы облысындағы Ассы-Түрген обсерваториясының аумағында орнатылған.