НУ ұйымдастырған мектеп оқушыларына арналған жазғы ғылыми-зерттеу бағдарламасының аяқталуы

2019 жылдың 28 маусымында Назарбаев Университеті ұйымдастырған Назарбаев Зияткерлік Мектептерінің оқушыларына арналған жазғы ғылыми-зерттеу бағдарламасы аяқталды. Студенттік істер және ынтымақтастық жөніндегі Вице-президент Қадиша Нұрділдәқызы Даирова, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің деканы Дэниэл Пью оқушыларды бағдарламаны табысты аяқтауымен құттықтап, оларға одан әрі оқуда табыс тіледі.

Екі апталық бағдарламаға қатысушылар Назарбаев Университеті келесі мектептерінің жұмысымен және оқытушыларымен танысты: Медицина мектебі, Инженерия мектебі, Ғылым және технологиялар мектебі, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі. Инженерия мектебінде оқушылар «Arduino» графикалық пайдаланушы интерфейсімен танысты және 3D өлшемді басып шығаруға арналған қатты модельдер әзірледі. Ғылым және технологиялар мектебінде химия, биология, физика және робототехникасы сияқты іргелі пәндер бойынша ғылыми жобалар ұсынылды.

Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінде қатысушыларға геологиялық барлау және тау-кен жұмыстарының тәсілдерімен таныстыру үшін Төртқұдық кен орнының геологиясы ұсынылды. Бағдарлама барысында қатысушылар Медицина мектебіндегі симуляция орталығында болып, онда реанимациялық манекеннің көмегімен жүрек тоқтаған жағдайда және тұншығу кезінде жәрдем көрсету үшін қажетті практикалық дағдылар алды. Бұған қоса,бағдарламаға  қатысушылар Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде қытай тілінің жедел курсын өтті.

Жазғы бағдарламаның екінші аптасында өткізілген академиялық ағылшын тілі курсының соңында оқушылар жаһандану, қоршаған орта, жаңа технологиялардың  ұсынылған тақырыптары бойынша жеке академиялық эсселерін таныстырды. Академиялық эссенің мақсаты – зерделенген  дағдыларды практикада қолдану және өз жұмысының негізгі идеяларын көрсету. Оқушылар ағылшын тілінің және таныстырылым  дағдыларының жоғары деңгейін көрсетті.

Академиялық бағдарламадан басқа түрлі іс-шаралар өткізілді: спорт, кинотеатр, кездесулер, мәдени алмасу кеші, орыс тілінде өткізілген зияткерлік ойындар, университет түлектерімен сессия және тағы басқалар.

Бағдарламаның ұйымдастырушысы Үздіксіз білім беру департаменті Университет Түлектері Ассоциациясына және Ассоциациясының басшысы Арман Қоңқабайға, Назарбаев Университетінің Toastmasters Club студенттер клубына, iGEM студенттер командасына, Университеттің волонтерлеріне және шақыртылған тағылымгер  Америкадан келген Висконсин Бизнес мектебінің түлегі Джереми Свонсэнге  белсенді қатысқаны және бағдарламаны жүргізуге көмек көрсеткені үшін алғысын  білдіреді.