НУ докторанты «Ғылым» номинациясы бойынша «Дарын» сыйлығын алды

Бүгінгі күні біздің сұхбаттасушымыз – Әсем Әшімова, Science, Engineering and Technology бағдарламасы бойынша Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің докторанты. Әсем дарынды жастарға ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау ретінде 1992 жылдан бастап жыл сайын берілетін Мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғылым» номинациясы бойынша лауреаты  атанды. Сыйлық әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы сияқты түрлі салалардағы 10 номинацияны қамтиды.

«Мен Алматы қаласының тумасымын, – дейді Әсем, – НУ-дың докторантура бағдарламасына 2016 жылы түстім. Бұған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Биотехнология» мамандығы бойынша білім алдым. Оқып жүрген кезімде  бакалавриаттың 3-ші курсынан бастап Биология және биотехнология мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында зертханашы болып жұмыс істедім. Содан кейін магистратурада оқыған кезімінде 2 жыл Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы институтында зертханашы болып жұмыс істедім, сол жерде өз зерттеулеріммен айналыстым, эксперименттер жүргіздім. Менің магистрлік диссертациямның тақырыбы сұлы дақылының әлемдік жинағының генетикалық әртүрлілігін зерттеуге арналды. Екінші курста Жапонияда Ұлттық агробиологиялық ғылымдар институтында ғылыми тағылымдамадан өттім.»

Сіздің докторлық диссертацияңыз қандай тақырыпқа арналған?

Менің докторлық диссертациямның тақырыбы «Delivery of monoclonal antibodies from microencapsulated stem cells»

Менің ғылыми жетекшім – доктор Гонсало Хортелано, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры, Молекулалық терапия зертханасының бас зерттеушісі. Менің ғылыми қызығушылықтарыма гендік терапия, иммунобиология, биохимия, жасушалық және молекулалық биология, жасушалық энкапсуляция сияқты бағыттар кіреді.

 Дарын сыйлығына сіздің қандай жобаларыңыз ұсынылды?

«Дарын» сыйлығына құжаттарды мен 2020 жылғы тамызда ұсындым. Өтінімге менің барлық ғылыми жетістіктерім мен еңбектерім енді. Бірақ олардың негізгісі менің докторлық жұмысымның жобасы болды. Ол жасушалық инкапсуляцияны қатерлі ісік пен  басқа аутоиммундық ауруларды емдеу үшін қолдануға арналған. Зерттеу мақсаттарына жету үшін мен жасуша сызықтары мен модельдік организмдерде әртүрлі молекулалық әдістерді қолданамын. Өткен жылы біз «Frontiers in Bioengineering and Biotechnology» Халықаралық ғылыми журналында «Альгинатты микрокапсулалардың ішіндегі жасушаларды инкапсуляциялау: Иммунологиялық кедергілер мен перспективалар» атты мақаланы жарияладық. Қазіргі кезде жүргізілген эксперименттердің кейбір нәтижелері бар, енді мен алынған деректерді талдау процесіне кірістім.

Неліктен сіз өзіңіз үшін ғылыми жолды таңдадыңыз? Өзіңіздің алдағы жоспарларыңыз бен мақсаттарыңіз туралы айтып берсеңіз.

Бала кезімнен маған қоршаған ортаны бақылау ұнайтын, биологияны зерттеу қызықты болатын. Сондықтан мамандықты таңдау уақыты келгенде мен ұзақ уақыт ойланған жоқпын. Сонымен қатар, еңбегімнің адамдарға пайда әкеліп, қоршаған ортаны қорғауға ықпал еткенін қалаймын. Менің өмірлік ұстанымдарымның бірі «үздіксіз білім алуға» ұмтылу түрінде сипатталуы мүмкін. Оған тек ғылыми қызмет арқылы жетуге болады, өйткені ғылыммен айналысқан кезде сіз әрқашан жаңа нәрсені үйренесіз және бұл әрқашан қызықты және әсерлі болады. Сондықтан болашақта мен ғылымдағы өз жолымды жалғастырып, аңа жобалармен айналысқым және жаңа жаңалықтар ашқым келеді.

Сізге НУ не берді? Сізге оқу оңай болды ма?

Мен үшін Назарбаев Университеті ерекше бірегей орын. Мен мұнда көп нәрсені үйрендім. НУ-да кез-келген ғалымға қажетті барлық жағдайлар жасалған,  ең бастысы жоғары бәсекеге қабілетті ғылыми-академиялық орта, жоғары білікті ғалымдар мен профессорлар мен заманауи жабдықталған зертханалар шоғырланған деп санаймын. Мұның бәрі студенттердің, оқытушы-профессорлар құрамының және ғылыми қызметкерлердің тұрақты дамуына үлкен мүмкіндіктер береді, өйткені НУ-да оқу олардан үнемі шоғырлануды, жауапкершілікті, тапсырмаларды сапалы және белгіленген мерзімде орындауды талап етеді.

Болашақ докторанттарға сіздің тілектеріңіз/ұсыныстарыңыз.

Болашақ докторанттарға өздері үшін өздеріне ұнайтын, «жаны бар» және үнемі жаңа нәрсені үйренуге және оқуды жалғастыруға дайын болатын бағытты таңдауға кеңес бергім келеді. Кейде бәрін тастап кеткің келеді, дәл осындай кездерде тақырыпқа деген құштарлық пен ынта әрі қарай жылжуға  көмектеседі. Сондай-ақ, ғылыми жетекші негізгі мотиваторлардың бірі болып табылады. Мен жетекшіме көрсеткен қолдауы мен кеңестері үшін өте ризамын. Барлық болашақ докторанттарға олардың бастамаларына үлкен табыстар тілеймін!

 

Біз өз тарапымыздан Асемді «Дарын» сыйлығының иегері атануымен құттықтағымыз келеді! НУ қоғамдастығы оның қажырлы еңбегінде одан әрі табыстар тілейді, докторлық диссертациясын сәтті аяқтап, жаңа жетістіктерге жетуіне тілектестік білдіреді!