НУ докторанты сүйек пен теріні қалпына келтіруге арналған биоматериал жасады

НУ докторанттарымен әңгімелесудің жалғасы ретінде біз “Chitosan composite cryogel with polyelectrolytecomplexes for tissue regeneration application” тақырыбы бойынша өз диссертациясын сәтті қорғаған Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің PhD түлегі Болат Сұлтанқұловпен сұхбатты ұсынамыз.

Сіздің ойыңызша, НУ PhD бағдарламаларының артықшылығы неде?

Айта кету керек, Назарбаев Университеті менің көз алдымда дамыды, себебі докторантураға түскенге дейін мен мұнда ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істедім және зертханаларда ғылыми-зерттеу қызметін жүргіздім. Бірақ Назарбаев Университетінде PhD студент болу мен үшін жаңа және үлкен өмірлік тәжірибе болды. Менің ойымша, НУ PhD бағдарламасының басты артықшылығы – PhD студенттердің дайындығы жоғары деңгейде болуы. Олар жаңа дағдыларды меңгеруге ынталы, диалог жүргізуге ашық, ағылшын тілін еркін меңгерген, белсенді зерттеушілер болып табылады,. Жалпы, Назарбаев Университеті жақсы кадрлар дайындайды деп есептеймін, бұған студенттердің ғылыми жарияланымдарының, соның ішінде шетелдік рецензияланатын журналдарда жариялану белсенділігінің жоғарылығы дәлел бола алады.

Сіздің диссертациялық жұмысыңыз қандай тақырыпты зерттеуге арналды?

Мен 2014 жылы Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің PhD бағдарламасына түстім, менің зерттеуімнің тақырыбы сүйектерді қалпына келтіру үшін материалды жасаумен байланысты болды. Бұл материал хитозан мен гепариннің табиғи полимерлері негізінде жасалды, құрылымы кеуекті, сондықтан оны криогель деп атайды. Бұл материалды сүйек регенерациясында қолдануға болады. Бұл материалға біз BMP-2 өсу факторын (bone morphogenic protein 2), сондай-ақ егеуқұйрықтардың мезенхималық бағаналы жасушаларын жүктедік. Өсу факторының әсерінен біздің материалдағы бағаналы жасушалар сүйек жасушаларына айналды. Криогельдерді жасау саласындағы зерттеулердің негізін профессор Сергей Михаловский мен Дмитрий Берилло НУ-да жұмыс істеген кезде салған.

Материалды алу тарихы биоматериалды зерттеу тұрғысынан ғана емес, оны алу тұрғысынан да қызықты. Оқу кезеңінде мен Erasmus Mundus PhD студенттеріне арналған грантты жеңіп алдым, бұл маған 3 ай бойы Брайтон университетінде (Ұлыбритания), Дмитрий Берилло жұмыс істеген Сергей Михаловскийдің зертханасында жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Зертханада біз көп уақыт өткіздік, бірақ уақыт өтті, ал мен болсам қажетті материалды ала алмадым. Мен материалды кездейсоқ алдым деп айтуға болады. Бірде, түнде зертханада отырып, нәтижеге деген үмітімді жоғалтып, мен үстелімде тұрған барлық полимерлерді араластыра бастадым және осылай араластырудың нәтижесінде алынған ерітінділердің бірі басқаша көрінді. Бұл кішігірім жаңалық болды және маған қажетті материалдарды алуға мүмкіндік берді.

Әрі қарай мен өз зерттеулерімді, соның ішінде отандық және шетелдік мамандардың ынтымақтастығымен және қолдауымен жалғастырдым. Менің PhD жұмысым бойынша жарияланған эксперименттік мақалаларымның бірі Фукуока университетінің (Жапония) зерттеушілерімен бірлесіп дайындалды. Бұл жұмыста біз материалымыздың тері регенерациясына өте қолайлы екенін көрсеттік. Жапондық әріптестермен ынтымақтастық менің жетекшілерімнің бірі Арман Сапаровтың көмегімен мүмкін болды. Осы ғылыми материалмен жұмыс істеуге НУ Медицина мектебінің студенттері Александр Жакупаров, Аян Нүркеш және Салтанат Смағұл қатысты. Медик-студенттердің осындай жобаларға қатысуы оларға қазіргі әлемде қажет зерттеу дағдыларын дамытуға көмектеседі деп ойлаймын.

Диссертациямен жұмыс кезінде не маңызды?

PhD бағдарламасының қорытындысы бойынша біз жақсы журналдарда 2 эксперименттік мақала жарияладық, патентке өтінім бердік, мен жасалған жұмысты мақтан тұтамын. Менің жетекшілеріммен жолым болды – профессор Тұрсынжан Токай, профессор Арман Сапаров, др. Дмитрий Берилло, др. Михаловска мен профессор Сергей Михаловский менің зерттеулеріме баға жетпес көмек пен үлкен қолдау көрсетті. Шын мәнінде, жетекшілердің сізге және сіздің жұмысыңызға деген сенімі өте маңызды. Мен мұны өзім бастан кешірдім. Мен өз еңбегімді сәтті аяқтай алатыныма сенімімді жоғалтқан кезім болды, бірақ Арман Сапаров маған және біздің зерттеуімізге сенуін қойған жоқ, сол үшін мен оған өте ризамын. Сергей Михаловскийден емейлді қалай алғаным есімде, онда ол маған әрқашан сенетінін жазды. Профессор Токай да менің әрқашан тәуелсіз зерттеуші екенімді және жетістікке жетуім керектігін айтқан. Бұл маған шынымен көмектесті. Сондықтан басшылардың қолдауы мен сенімін асыра бағалау қиын.

Сондай-ақ, көптеген әріптестерім маған көмектесті және қолдау көрсетті, мен оларға зерттеу бойынша жұмысым кезінде көмекке жүгіндім, бұл Назарбаев Университетінде оқудың артықшылығы деп санаймын. Осылайша, біз Университеттің басқа зертханаларының қызметкерлерінен үлкен қолдау таптық. Осы орайда, Шолпан Асқарова мен Юлий Сафароваға тышқандардың мезенхималық дің жасушаларын алуда ынта-жігері мен көмегі үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Қазір Юлия өзі диссертация қорғауға дайындалуда және мен оған барлық табыс тілеймін және оның жетістікке жететініне сенемін! Мен сондай-ақ профессор Иван Воробьев пен Шолпан Қауанованың зертханасында өз жобам бойынша жұмыс істей отырып көп уақыт жұмсадым. Сондай-ақ, әрдайым зерттеу жүргізу үшін қажетті реагенттермен қуана бөліскен Бауыржан Негметжановты атап өткім келеді.

НУ-да табысты PhD бағдарламасын құру бойынша жұмыс істеген, PhD бағдарламасының директоры, профессор Луис Рохас Солорзаноға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Ол НУ-да PhD бағдарламасын дамыта отырып, өз жұмысына бар жанын беретін және барлық PhD студенттеріне үлкен қолдау көрсететін адам. Көптеген докторанттар менімен келіседі деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта сіз қандай жобалармен жұмыс істеп жатырсыз?

Қазіргі уақытта мен коронавирустық инфекцияны анықтау үшін тест жүйесін құру саласында жұмыс істеймін, осы зерттеуде YRA (Young Researchers Alliance) және НУ Әлеуметтік даму қорынан қолдау таптым. Айта кету керек, YRA және Қор тек НУ-да ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша жас ғалымдарды қолдауда үлкен жұмыс жүргізуде.

Бұл жобаны асыра айтпай-ақ, халықаралық деп атауға болады деп ойлаймын. Осылайша, маған Цюрих университетінің тобы, Стэнфорд университетінің PhD студенті Нұрлыбек Мурсалиев, Массачусетс технологиялар институты жанындағы бағаналық жасушалар орталығының директоры Майсам Миталипова қолдау көрсетті. Сондай-ақ жоба бойынша Ұлттық биотехнологиялар орталығымен, оның бас директоры және Назарбаев Университетінің қоса атқарушы профессоры Ерлан Мирхайдарұлы Раманкуловпен бірлесіп жұмыс жасадық. Жобаның басты мақсаты – наноденелер негізделген тест-жүйелерді жасау. Наноденелер – бұл түйелер мен акулалар шығаратын ерекше антиденелер, ал олардың бірегейлігі олар құрылымы жағынан өте қарапайым және гендік-инженерлік әдістерді қолдана отырып, оларды бактериялардан алуға болатындығында. Швейцариядағы зерттеу тобы алған нанодене вирустың жасушаларға енуіне қатысатын коронавирустың тікенек аймағымен байланысады. Наноденелердің бұл қасиеті коронавирустық инфекцияны анықтау үшін тест жүйесін жасау үшін пайдаланылуы мүмкін, мен қазір осымен жұмыс істеймін.

Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап зертханамды жабдықтай отырып, мен жасушалық терапияны дамытумен айналысамын, өз компаниям бар және жақын арада өзімді коммерциялық ғылымда көремін. Назарбаев Университетінің ғалымдары Шолпан Асқарова, Айым Қайырлы, Фархад Олжаев, Рауан Смаилмен жұмыс істеймін, олар “Апсорин” псориазына қарсы препарат әзірледі, ол Алматыдағы “А+” дәріханалар желісінде пилоттық өндіріске іске қосылды. Қазір Шолпан Асқарованың жетекшілігімен зерттеу тобы Назарбаев Университетінің Коммерцияландыру офисінің қолдауымен үлкен жұмыс көлемін атқарып, ресми клиникалық сынақтарға дайындалуда.

Болашаққа жоспарларыңыз туралы айтып беріңізші?

Менің арманым – Қазақстанда қоғам үшін пайдалы өнімдер жасап, ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойы қызмет ететін ірі биотехнологиялық компания құру. Өйткені мұндай компаниялар батыста бар және мен дұрыс бағыт алып, күш-жігерім мен білімімді салып, осындай компанияны құра алатыныма сенімдімін. Қазір де мен адымдап басып, табанды түрде  мақсатыма жетіп келемін.

Бірақ, әрине, өмірдің сәнін келтіретін жұмыс пен өршіл мақсаттар ғана емес. Менің ойымша, барлық жоспарлар мен жобаларды сәтті жүзеге асырудың басты катализаторы – бұл отбасы. Мен анам Мейрамкүлге маған көрсеткен қолдауы үшін, сондай-ақ әйелім Каринаға және, әрине, кішкентай ұлым Арланға ризашылығымды білдіремін!