НУ-да Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттары мен COVID-19 сын-қатерлері талқыланды

2020 жылғы 15-16 қазанда Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (ЖМСМ) Ли Куан Ю Мемлекеттік саясат мектебі және Астана Мемлекеттік қызмет хабымен әріптестікте “Орталық Азиядағы орнықты даму мақсаттары және COVID-19 сын- қатерлері” тақырыбында жыл сайынғы төртінші конференция өткізді.

Онлайн форматта алғаш рет ұйымдастырылған конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Ресей, Ұлыбритания, Түркия, Грекия, Италия, Канада, Словения, Сингапур, Израиль және АҚШ-тың зерттеушілері, ғалымдары, сарапшылары, мемлекеттік қызмет практиктері және студенттер қатысты.

Назарбаев Университетінің Провосты Илесанми Адесида құттықтау сөзінде конференция барысында кеңінен талқыланған жаңа сын-қатерлер жағдайында Орталық Азия елдерінің тұрақты даму мақсаттарына байланысты мәселелер өңір елдері үшін ғана емес, жалпы жаһандық қоғамдастық үшін де пайдалы болатынын атап өтті.

COVID-тен кейінгі әлемде, бұрын-соңды болмаған, ақылға қонымды саясат пен дұрыс басқару қажеттілігі одан сайын күшейе түседі, өйткені үкіметтер мен қоғамдар анықталған жүйелік олқылықтарды жою үшін саяси таңдау жасайды. Есеп беретін жүйелерді, бейімделетін институттарды, сондай-ақ технологиялық және цифрлық инновациялармен үйлескен азық-түлік, су, энергетика, медицина, көлік және қалалық жүйелердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын құру үшін саяси ойлау мен тәжірибені өзгерту қажет. ЖМСМ-ның 4 – ші жыл сайынғы конференциясы Орталық Азиядағы тұрақты даму мақсаттарына және COVID -19 сын-қатерлеріне, проблемалар мен мүмкіндіктерге назар аудару үшін, сондай-ақ COVID кезінде және одан кейін әлемдегі ТДО-ның әртүрлі аспектілеріне қол жеткізуге үнемі ұмтылуға арналған, – деп атап өтті ЖМСМ деканы Венг Тат Хуэй.

Астана Мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов пандемиядан туындаған дағдарысқа жауап ретінде үкіметтер негізінен ресурстарды қысқа мерзімді бөлу тқрғысынан жедел шешімдер қабылдайтынын атап өтті. “Осы жылдам шешімдер табу жарысында тұрақты дамудың ұзақ мерзімді мақсаттары назардан тыс қалмайтынына  көз жеткізу маңызды. Ауыр қысымға ұшыраған бүкіл әлемдегі үкіметтер жан-жақты және барабар шаралар қабылдауда белгілі бір тәжірибе жинақтады, оның ішінде Орталық Азия елдері де бар. Алайда, көріп отырғанымыздай, бұл пандемиямен күресудің әмбебап моделі жоқ. Сондықтан озық тәжірибені таратуда барлық секторлар мен мүдделі тараптар арасындағы жаһандық ынтымақтастық пен тиімді әріптестікті нығайту маңызды”, – деп атап өтті Ә. Бәйменов.

Сонымен қатар, ЖМСМ конференциясының негізгі спикерлері: Грекия, Афины экономика және бизнес университеті Экономика мектебінің тұрақты даму кафедрасының меңгерушісі Фиб Кундури және Сингапур ұлттық университетінің шақырылған профессоры Винод Томас сөз сөйледі.

Конференция барысында қатысушылар, оның ішінде жас ғалымдар өз зерттеулерінің нәтижелерімен, білімдері мен тәжірибелерімен бөлісті, сондай-ақ өздерінің әріптестік байланыстарын кеңейтуге және нығайтуға мүмкіндік алды.

GSPP conf 2
GSPP conf 3
GSPP conf 4
GSPP conf 5
GSPP conf 6