НУ-да дәрілерге төзімді туберкулез штаммдарын зерттейді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде күн сайын туберкулезден 4 500-ге жуық адам қайтыс болады және  30 000 адам осы ауруға шалдығады. Соңғы онжылдықта көптік (мультирезистентті) және кең ауқымды дәрілерге төзімділігі бар туберкулездің пайда болуы осы аурумен күрестегі медицинана  жетістіктеріне қауіп төндіріп отыр.

Назарбаев Университетінде де туберкулезге қатысты зерттеулер белсенді түрде жүргізілуде. Ғалымдар негізгі туберкулезге қарсы препараттарға төзімділікті анықтайтын факторларды гендік деңгейде анықтауға тырысуда.  «National Laboratory Astana» ЖМ, Өмір туралы ғылымдар орталығының ғалымдары М.tuberculosis генетикалық тұқымдастарының құрылымын анықтау бойынша клиникалық изоляттарды генотиптеуді өткізгеннен кейін, Қазақстанда кездесетін туберкулез штаммдарының жеті негізгі генотиптерін анықтады.

– W-Beijing тұқымдасы Азия аймағы елдерінде кең тараған және туберкулезге қарсы препараттарға дәрілік төзімділікпен ассоциацияланған . Біз бұл түр туберкулезбен алғаш рет ауырған  науқастардың 60%-да және бұрын емделген туберкулезбен ауыратын науқастардың 83%-да басым екенін анықтадық, – деп хабарлады «National Laboratory Astana» ЖМ, Геномдық және дербес медицина зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Ұлан Қожамқұлов.

Beijing (Пекиндік) тұқымдасы Азия елдерінде жиі кездеседі, бірақ бүгін оны әлемнің кез-келген бөлігінде табуға болады және көбінесе жастардың арасында басым. Алғаш рет Beijing тұқымдасының штаммдары Нью-Йоркте (АҚШ) 1990-шы жылдары мультирезистентті туберкулез ошақтарын анықтау  кезінде идентификацияланды. 1995 жылы осындай сипаттамалары бар М. tuberculosis изоляттары Пекин қаласында (Қытай) табылды және бұл топ Пекиндік «Beijing» деп аталды, себебі барлық изоляттардың 92% осы тұқымдасқа тиесілі болды. Еуропа мемлекеттері арасында W-Beijing штаммдары негізінен Шығыс Еуропа мен бұрынғы КСРО елдерінде таралған.

NLA зерттеушілері туберкулезге қарсы препараттарға сезімтал, мультирезистентті М.tuberculosis клиникалық штаммдары мен кең дәрілік препараттарға төзімділігі бар штаммдардың толық геномдарының салыстырмалы биоинформатикалық анализін өткізді.  Нәтижесінде, дәрілік-төзімді штаммдарда 4  ортақгенетикалық локус (PE_PPE тұқымдасының гендері) анықталды, ал дәрілік-сезімтал штаммдарда бұл гендер жоқ болып шықты. Назарбаев Университетінің ғалымдары дәл осы гендер ағзаны туберкулездің дәрілік-төзімді штаммдарымен жұқтыруына ықпал ете отырып, аурудың ағымын нашарлатуы мүмкін деп санайды. 

Енді ғалымдар қазақстандық дәрілік-төзімді штаммдарының анықталған геномдарының нәтижелерін халықаралық мәліметтер базасымен салыстырғысы келеді. Бұл туберкулез қоздырғыштарының дәрілік препараттарға төзімділігінің пайда болу механизмдерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді және туберкулездің, вакциналардың және туберкулезге қарсы жаңа препараттардың жақсартылған диагностикасын әзірлеуге ықпал ететін болады.