НУ-да “Абай және гуманизм” халықаралық форумы өтті

2020 жылдың 8-9 қазанында Назарбаев Университетінде онлайн-форматта қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған “Абай және гуманизм” халықаралық форумы өтті.

Мақсаты Абайдың шығармашылық мұрасын насихаттау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, Отанға деген сүйіспеншілікке, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарауға тәрбиелеу болып табылатын форум Абай шығармашылығын зерттеуге қызығушылық танытқан Қазақстан, Түркия, Нидерланды, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа елдерден 125-тен астам қатысушыларды жинады.

Форум барысында әртүрлі ғылыми бағыттағы (гуманитарлық, әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары) ғалымдар абайтану саласындағы тәжірибе мен зерттеулердің нәтижелерімен алмасып, қазіргі әлемдегі ақынның шығармашылық және әдеби мұрасына байланысты негізгі мәселелерді талқылады.

Ашылу салтанатына НУ Президенті Шигео Катсу, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Назарбаев Университетінің жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Дэниел Пью, Назарбаев Университетінің Қазақ тілі және түркология кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамильоглу қатысты.

“Абай – әлемдік феномен. Ол өз халқының жарқын болашағын ойлаған халқына адастырмайтын жол көрсеткен данышпан тұлға. Абай көрсеткен жол – адамдық жол, терең білім мен ғылым жолы, өнер мен мәдениет жолы! “,- деді НУ Президенті Шигео Катсу.

Форум қатысушылары атап өткендей, қазақстандық ақын және философ Абайдың 175 жылдығы тек Қазақстанда ғана емес, Түркияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Еуропа елдерінде де кеңінен атап өтіледі. Бірқатар елдерде Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу орталықтары ашылды, бұл әлемдік мұра болып табылатын ұлы Абайдың бай рухани мұрасын зерттеудің маңыздылығымен байланысты.

“Назарбаев Университеті құрылғаннан бергі өте қысқа уақыт ішінде Шигео Катсу мырзаның төрағалығымен өзін тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде үздіктердің бірі ретінде танытты. Мен үшін онымен жеке кездесу үлкен мәртебе болды”, – деп атап өтті өз сөзінде Түркиядан келген профессор Орхан Сойлемез.

Өз баяндамасында Орхан Сойлемез Абайдың “Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында” өлеңінің мысалында Абай шығармаларында көтерілген әйелдер теңсіздігіне қарсы күрес тақырыбын қозғады. Қазақстандық абайтанушы ғалымдар: Мекемтас Мырзахметов, Тұрсын Жұртбай, Анар Фазылжан, Айгүл Исмақова Гүлтас Құрманбай форум барысында Абай шығармашылығын зерттеудегі жаңалықтары мен еңбектерімен бөлісті. Гуманитарлық, әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдары мектебінің студенттері Дарина Жүнісова, Ақбота Рүстемқызы, Нұрлыбек Тоқтаров Абайдың өлеңдерін ағылшын, түрік және қазақ тілдерінде орындады.

Форум жұмысына ақынның “Абай жолы” өмір жолы туралы эпикалық роман жазған академик және жазушы Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Әуезова қатысты.

IMG_20201009_115842
IMG_20201009_120320
IMG_20201009_121242
IMG_20201009_131848