Nazarbayev University Вьетнам студенттерін Қазақстанға оқуға шақырады

2017 жылғы 3-6 қараша аралығында Назарбаев Университетінің делегациясы Вьетнамда болды. Сапар барысында делегацияның өкілдері Ханой және Хошимин қалаларының ұлттық жоғары оқу орындарының, сондай-ақ Вьетнамның Білім беру және кадрларды даярлау министрлігінің Халықаралық білім беруді дамыту департаментінің басшыларымен кездесулер өткізді.

Сапардың негізгі мақсаты Назарбаев Университеті мен Вьетнамның жоғары оқу орындары арасында тікелей әріптестік қатынастар орнату, ғылыми зерттеулер жүргізу саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен перспективаларын талқылау, студенттермен және оқытушылармен алмасу, Университетке Вьетнам студенттерін оқуға тарту болып табылады.

Сапар шеңберінде Вьетнамдағы ҚР Елшілігі ұйымдастырған Ханой ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Абай атындағы Мәдениет және ғылым орталығында студенттер үшін Назарбаев Университетінің бағдарламаларына түсу туралы таныстырылым өткізілді.

Назарбаев Университетінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Әлия Қаймолдинова атап өткендей, Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі шетелдік студенттерді тарту үшін басымды елдердің бірі болып табылады. Вьетнам – қарқынды дамып келе жатқан ел (ЖІӨ өсу қарқыны жыл сайын 6 % құрайды, 95 млн. ел тұрғындарының 60-70% – еңбекке қабілетті 15-65 жастағы адамдар) және өзінің даму әлеуеті жағынан біз үшін қызығушылық туғызып отыр. Бүгінгі күні Университет студенттер контингентін мәнді түрде ұлғайтуды көздеп отыр (8 мың адамға дейін), олардың 10 пайызын шетелдік студенттер құрайтын болады.

Сондай-ақ Назарбаев Университетінің делегациясы Батыс және Азия елдерінің жетекші жоғары оқу орындары қатысқан BMI Vietnam Global Education Fair халықаралық көрмесіне қатысты. Көрме барысында қызығушылық білдірген келушілерге бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша Назарбаев Университетіне оқуға түсу ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Көрмеге келушілер – болашақ студенттер мен олардың ата-аналары арасында қазақстандық университеттің стенді үлкен сұранысқа ие болғанын атап өту қажет. Назарбаев Университетінде оқыту тек ағылшын тілінде жүргізілетіні, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы интернационалды және  өзінің кәсіби саласындағы жоғары білікті 431 маманнан құралғаны, олардың 347-сі (80 пайыз) әлемнің 55 елдерінің өкілдері болып табылатыны, олардың ішінде Вьетнамнан 2 профессордың бар екендігі вьетнамдықтардың ерекше қызығушылығын білдірді.

Анықтама:

Назарбаев Университеті – Астана қаласында Қазақстан Республикасының елордасында орналасқан заманауи және қарқынды дамып келе жатқан халықаралық деңгейдегі университет. Бұл Қазақстанда халықаралық академиялық стандарттарға сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын және еркіндік пен дербестік қағидаттарын ұстанатын алғашқы университет. Университеттің академиялық және ғылыми-зерттеу бағдарламалары әлемнің үздік ЖОО-ларының тізіміне кіретін жетекші университеттермен ынтымақтастықта әзірленген.

НУ-да Университет алдындағы дайындық бағдарламасы бойынша (Foundation), бакалавриаттың 17 мамандықтары бойынша дайындық жүргізіледі, сондай-ақ 23 магистратура бағдарламалары және 4 докторантура бағдарламасы бойынша оқыту жүзеге асырылады.

Назарбаев Университетінде 4267 студент Университеттің мына                       8 мектебінде білім алады: Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, Ғылым және технологиялар мектебі, Инженерия мектебі, Медицина мектебі, Жоғары бизнес мектебі, Жоғары мемлекеттік саясат мектебі, Жоғары білім беру мектебі, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебі.

Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.

НУ АҚШ-тың, Ұлыбританияның және Сингапурдың 12 жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықта жұмыс істейді.