Назарбаев Университетінің студенттері жобаны іске асыруға арналған ірі сомаға ие болды

2018 жылдың 2-3 қазанында Астана қаласында «KazEnergy» жастар конференциясы шеңберінде  «Student Energy Challenge» зияткерлік конукрсы өтті. Назарбаев Университеті 4- курс студенттерінің «NU SynGas» командасы «Қатты қалдықтарды газдандыру» жобасымен жүлделі екінші орынды иеленді.

Екі күн бойы қазылар алқасы үш үздік команданы таңдады. Назарбаев Университетінің, Қазақстан-Британ техникалық университетінің және Алматы энергетика және байланыс университетінің командалары жеңімпаз деп танылды.

NU SynGas командасының мүшелері Руслан Полищуктің, Асқарбек Пазылбековтің, Данияр Жолдасбайдың және Телқожа Мұстафаның айтуы бойынша, олардың экологиялық жобаларын Қазақстанда қазірдің өзінде іске  асыруға мүмкіндік бар. 5000 АҚШ доллары көлеміндегі жүлдені жігіттер өз жобаларын одан әрі іске асыруға жұмсамақ.

Конкурстың финалына Назарбаев Университетінің «NU SynGas» және «Quadra» екі студенттер командасы бірден өтті, сондай-ақ Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің, Қ. Сәтпаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің және Атырау мұнай және газ университетінің командалары іріктелді.

Еске сала кетейік, «Student Energy Challenge конкурсы екінші рет өткізіліп отыр және ол Қазақстанның  техникалық жоғары оқу орындарының студенттеріне жаһандық энергетикалық мәселелерді шешу саласында  өздерінің инновациялық жобаларын ұсынуға бірегей мүмкіндік береді.