Назарбаев Университетінің студенттері Алматының жастарымен кездесті

Бейресми кездесу барысында студенттер өздерінің Назарбаев Университетіне түсу себептері, емтихандарға қалай дайындалғандығы және іріктеу кезеңдерінен қалай өткендері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ студенттер биылғы талапкерлерге Университеттегі оқу процесі мен мазмұнды студенттік өмірі жайлы пікірлерін айтып, кампуста тұрудың және тамақтанудың шарттары туралы баяндады. Кездесу О. Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған физикалық-математикалық орта мектеп-интернатының (РМФМОМИ) қабырғасында өтті.

Талапкерлер өткізілген кездесуге үлкен қызығушылық білдіріп, студенттерге көптеген сұрақтар қойды. Студенттер талапкерлерге өз күштеріне сенім артып, Университетке түсу емтихандарына мақсатты түрде дайындалу туралы өз кеңестерін берді. Назарбаев Университетінің студенттері өткізген іспеттес кездесулер Орал, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Екібастұз және Павлодар қалаларында өтті. Назарбаев Университетінің сайтында 2011 жылғы 9 қарашада басталған талапкерлерді тіркеу 2012 жылғы 30 қаңтарға дейін өткізілетін болады.

Назарбаев Университетінің Коммуникациялар және маркетинг департаменті:
010000, Астана, Қабанбай батыр д., 53, каб.1115
+7(7172)706091, 706087, 706089, 706618, 706090