Назарбаев Университетіндегі халықаралық студенттің тәжірибесі: Ди Уонг

Назарбаев Университетінің Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің екінші курс студенті Ди Уонг Назарбаев Университетінде (НУ) халықаралық студент тәжірибесі бойынша біздің жобамыздың екінші қонағы болды. Қытайдан магистратураға түсіп, Еуразиялық зерттеулер магистрі дәрежесін алу үшін келді. Жоба жөніндегі алғашқы сұхбат туралы осы жерден оқи аласыз.
Сіз неге НУ-ды таңдадыңыз? Сіздің таңдауыңызға не әсер етті?
- Мен Орталық Азия тарихын зерттеуге қызығушылық танытқанымнан бері еуразиялық зерттеулерге немесе тарихқа негізделген магистрлік бағдарламаны іздеп жүрмін. Әлеуметтік желілерде НУ туралы посттарды оқығаннан кейін университеттің веб-сайтына кірдім, бағдарлама туралы жеткілікті ақпарат тауып, оқу жоспары өте жақсы жасалғанын байқадым. Сонымен қатар, менің ғылыми қызығушылығым кейбір профессорлардың зерттеулеріне сәйкес келді, ал ұсынылған курстар өте қызықты болып көрінді. Сондай-ақ бұл бағдарлама менің зерттеу жұмысым бойынша зерттелетін өңірде өмір сүруге мүмкіндік берді. Сондықтан мен құжаттарымды еш күмәнсіз осында тапсырдым.
Қабылдау барысы туралы айтып беріңіз. Сіз неден бастадыңыз?
- Алдымен қабылдау департаментіне хабарласып, шетелдік студенттерге арналған ақпарат және қосымша құжаттарды туралы сұрадым. Қабылдауға дайындықты мен қаңтар айының ортасынан, яғни құжаттарды қабылдау аяқталғанға дейін екі ай қалғанда бастадым. Қабылдау процесі өте ыңғайлы, себебі құжаттардың көбісі онлайн қабылданады.
Магистрлік бағдарлама сізге қандай білім мен дағдыларды береді?
- Осы бағдарлама арқылы мен көп нәрсеге үйрендім. Мысалы, Орталық Азия жөніндегі жалпы тақырыптар, әлеуметтану, антропология және тарих салаларындағы даулы мәселелер және менің зерттеуіме қатысты, аясы тар тақырыптар бойынша білім, зерттеу және сыни тұрғыда ойлау саласындағы сапалы дағдылар меңгердім. Бұдан басқа, мен өз уақытымды дұрыс бөлуге, мақсатқа ұмтыла білуге және сенімді болып қалуға үйрендім.
Профессорлар мен курстастастарыңыз туралы не ойлайсыз?
- Профессорлар өте құзырлы және сұрақ туындаған кезде оқушыларға көмектесуге дайын. Менің жетекшілерім диссертация жазу барысында, тақырыптарды таңдаудан нәтижелерді жинауға дейін маған көмектесті. Маған құрдастарыммен араласқан ұнайды. Біз сыныпта да, сыныптан тыс та араласып, бір-бірімізге пікір білдіріп отырамыз. Олар өте ақылды және еңбекқор. Менің магистратура бағдарламасының студенттері мен бакалавр студенттерінің арасында да достарым көп.
Сіздің зерттеу жұмысыңыздағы қазіргі және болашақ мақсаттарыңыз қандай?
- Менің магистрлік диссертациям ХІХ ғасырдағы шығыс қазақ даласы мен батыс Қытай арасындағы сауда қатынастарын зерттеуге бағытталған. Мен Қазақстан мен Қытайдың ұлттық кітапханаларында, сондай-ақ өткен жылғы жазда Алматыдағы мемлекеттік мұрағатта материалдарды зерделедім. Енді сәуір айының соңына дейін табылған материалдарды өңдеп, талдаумен айналысамын. Мен болашақта сауда қатынастары мен тауарларды тарату саласындағы зерттеу жұмыстарымды жалғастырғым келеді.
Сіз бұл бағдарламаны басқаларға ұсынасыз ба?
- Мен Қытайдағы достарыма бағдарламаны, НУ-да оқуды да ұсындым. Менің достарымның бірі биыл университеттің магистратурасына құжат тапсырады. Мен болашақта НУ-да халықаралық студенттер көп болатынына сенімдімін.
НУ-да оқуды аяқтағаннан кейін қандай жоспарларыңыз бар?
-Мен НУ-да оқуды бітіргеннен кейін бір жыл жұмыс істеп, тарих бойынша докторантураға дайындаламын. Менің қазір зерттеп жатқан тақырыптарым екі жыл бұрынғы зерттеген тақырыптарымнан қызықты. Болашақта оқуымды, зерттеуімді жалғастырамын деп ойлаймын.