Назарбаев Университетіндегі халықаралық студенттің тәжірибесі

Біз Назарбаев Университетінде (НУ) студенттеріміздің өз әсерлерімен бөлісетін жаңа жобаны бастаймыз. Бүгінгі біздің қонағымыз – Эвангелос Митсокапас, Эразмус халықаралық студенттік алмасу бағдарламасы бойынша докторант студент.

– НУ туралы қайдан білдіңіз? Өз әсерлеріңіз туралы айтып беріңіз.

Грекияда Патрас университетінде магистратурада оқыған кезімде менің жетекшім профессор Тасос Бунтис болды, ол қазіргі кезде НУ Ғылым және технологиялар мектебінің магистратура және докторантура бағдарламаларының төрағасы болып табылады. Оқуымды ойдағыдай бітірген соң бірлескен ғылыми ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында осы ұстазым мені Эразмус алмасу бағдарламасы бойынша докторант студент ретінде НУ-ға бір семестрге оқуға шақырды.

Бастапқыда мен күмәндана бастадым, өйткені бұл Еуропадан тыс менің алғашқы сапарым  болған еді, бірақ кейіннен бұның мен үшін үлкен тәжірибе болатынын түсіндім. Мысалы, Қазақстанның үздік университетінде менің тақырыбыма, математикамен және физикамен байланысты білім алумен қатар,  саяхат сапарын (маған өте ұнайды) біріктіру мүмкіндігі берілді.

Сонымен қатар, Интернетте мен НУ туралы кең ауқымды ақпаратпен таныстым, бұл  маған осы жерге келмей тұрып, Университет туралы нақты түсінік алуға көмектесті. Осының бәрі дұрыс шешім қабылдау үшін жеткілікті болды, сөйтіп, 2017 жылдың ақпан айында мен суық, ызғарлы (грек үшін) Астанаға келдім.

– Бұдан бұрын қайда оқыдыңыз? НУ-да Сізді не қызықтырды және Сіздің зерттеулеріңіздің ауқымы қандай?

Қазіргі кезде мен Лондондағы Куин Мэри Университетінің Математика ғылымдары мектебінің Марковтық емес статистикалық механика саласындағы Ph.D. студентімін. Сонымен қатар Патрас университетінің қолданбалы математика саласындағы магистратура және математика саласындағы бакалавриат бағдарламаларын бітірдім. Зерттеу салаларым стохастикалық тұрғыдан алғанда күрделі динамикалық жүйелер мен статистикалық механика теориясын қамтиды.

Мен НУ-ды екі себеп бойынша таңдадым:

Біріншіден, шетел университетінде білім алу және оқу-әдістемелік әдістер бойынша түрлі тәжірибе жинақтау, жаңа ғалымдармен кездесу және зерттеу қызметіме қажетті жаңа әдістерді зерделеу  мүмкіндігіне ие болдым. Кез келген зерттеудің маңызды бөлігі бұл ғалымдардың пікірлерімен және фактілерімен алмасу болып табылады.

Екінші себеп, профессор Бунтиспен өз жұмысымды қорытындылау болды. Біз қазірдің өзінде Қазақстанға келгенге дейінгі менің магистрлік диссертацияммен байланысты кейбір модельдерді зерттей бастадық және бұл бұрын басталған жұмысты жалғастыру үшін үлкен мүмкіндік болар еді. Сондай-ақ, Университет туралы ақпарат пен профессордың айтқан барлық сөздері (ол маған дейін НУ-да болған еді) менің сенімімді арттырды.

– Грекиядағы/Ұлыбритания мен Қазақстандағы студенттік өміріңізді салыстырыңыз.

Қыстың қақаған күндерінде НУ-дағы студенттік өмір ең қызықты шығар деп ойлаймын.  Ауа-райы суық болған кезде жиі далаға шыға алмайсыз, әркім өзінің сабағына және емтихандарына дайындалумен әлек. Ең қиыны орыс тілінде «Давай» деген бір ғана сөзді білгенің, бір жақсысы  оны барлық жерде қолдануға болады.

Алайда мен ештеңеге күйзелмей, жақсы көңіл-күйде болдым. Әрине, мен Грекияда және Лондонда студенттік өмірімді паб, түрлі іс-шаралар, концерттер және т.б. арқылы көңілді өткізе алар едім, бірақ мен мұнда ең жақсы достарымды таптым, олармен бірге Астананы, сондай-ақ бүкіл Қазақстанды аралап шықтым! Бұл адамдармен өзімді үйде жүргендей сезіндім, бұл кез келген концертке қарағанда әлдеқайда маңызды! Бұның бәрін күмәнсіз қайтадан қайталар едім.

– НУ-ға қайтып оралып, зерттеу жұмысын жалғастырғыңыз келе ме?

Мен бір рет қайта оралдым! НУ-дың ғылыми қызметкерлерімен ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастыру үшін мен 2017 жылғы мамырда НУ-дан кетіп, 2017 жылғы қазанда қайтып  оралдым. Және бұл өте керемет болды! Болашақта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыру және достарыммен жылына бір реттен артық кездесу үшін НУ-ға келіп тұратын боламын.

– НУ студенттерімен жұмыс істеу тәжірибеңіз туралы айтып беріңіз.

Мен Эразмус бағдарламасы аясында Ғылым және технологиялар мектебінде Математикалық талдау жөніндегі оқытушы ассистенті болып жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым.  Студенттермен тығыз қарым-қатынаста болдым, оларға математикалық ұғымдарды терең түсіну үшін қызығушылық туғызатын сұрақтарға жауап табуға көмектестім. Мені қатты таңғалдырған жағдай, бұл НУ-дың барлық студенттерінің курсты толық меңгеруі және тест тапсырмаларын нәтижелі орындауы. Мен математикалық ұғымдарды үйрету мен түсіндіруді ұнатамын, бұл тәжірибемнің бір қыры. Мен әрбір сәттен ләззат алдым.

– Астанаға бейімделу қиын/оңай болды ма?

Бастапқы уақытта маған қиын болды, өйткені бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым болған еді және мен орыс тілін білмедім. Сондықтан күнделікті қарапайым заттардың өзі маған қиын болды. Әрине, біраз уақыттан кейін бәрі өзгерді. Мен барлық мүмкін болатын нәрселерге көмектесетін көп адамдарды кездестірдім. Әсіресе НУ-да жұмыс істейтін адамдарды, сондай-ақ әрдайым маған көмектесуге дайын болған студенттерді атап өткім келеді, бұл өте жанға жағымды сезім және осы сезім сол уақыттан бері әлі де менің бойымда.