Назарбаев Университетінде жыл сайынғы «ASTANA BALL» өткізіледі

2017 жылдың 24 қарашасында Назарбаев Университетінің бас атриумында «ASTANA BALL» атты кезекті жыл сайынғы балды өткізу көзделіп отыр. Қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие бола отырып, университетіміздегі көптен күтілетін оқиғалардың біріне айналды және бұл жылы да кештің барлық қонақтарына көптеген ұмытылмас әсер қалдырады деп күтілуде.

«ASTANA BALL» студенттік клубтармен, Назарбаев Университетінің әкімшілігі және Студенттік үкіметтің Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, Назарбаев Университетінің Студенттік үкіметінің Мәдениет министрлігінің бастамасымен ұйымдастырады.

Іс-шараның мақсаты - еліміздің жастары арасында заманауи әлемдік мәдениетті насихаттау, классикалық музыка мен биге деген қызығушылықты ояту, әлеуметтік этикамен таныстыру және олардың арасында жаңа ойын-сауық дәстүрін қалыптастыру.

Алдағы шара елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойына арналып, еліміздің даму және өркендеу идеясына үлес қосатын шара болмақ. Сонымен қатар, «ASTANA BALL» өз кезегінде екінші рет қайырымдылық балы ретінде өткізіледі және әрбір қол ұшын беремін деген жан арнайы лотореяға қатысып өз үлесін қоса алады.

Бал кезінде жиналған барлық қаражат жетім балаларға арналған оқу орталықтарына, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсететін болады.

Балдың негізгі аудиториясы - студенттер, профессорлар, университет әкімшілігі. Сондай-ақ Қазақстанның эстрада жұлдыздары кешіміздің құрметті қонағы болады деп күтілуде.