Назарбаев Университетінде Жоғары білім беру көшбасшыларының Екінші Еуразиялық форумы өз жұмысын бастады

Бүгін Назарбаев Университетінде Жоғары білім беру көшбасшыларының Екінші Еуразиялық форумы ашылды.  Форумға қатысушылар биыл білім беру саласындағы жаһандық трендтер мен олардың өңірге тигізетін әсерін талқылайтын болады.
Форумның ресми ашылу рәсіміне ҚР  Премьер-Министрінің орынбасары  Ербол Орынбаев,  ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Назарбаев Университетінің  президенті Шигео Катсу қатысты.
Форумның ашылу рәсімінде «Биыл біз жоғары білім беру реформасын дамыту жолдарының жүйелігі мен логикасын сақтап отырмыз. Білім беру саласындағы жаһандық трендтер, жоғары білімнің стратегиялық көшбасшылығы мен университеттердің көшбасшылығы, басқаруы мен жауапкершілігі мәселесіне қатысты тақырыптарды биыл бекер таңдап алған жоқпыз, өйткені осы мәселелер бүгінгі күні жоғары білім саласында ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Назарбаев Университеті өзінің әріптестерінің қолдауымен дербес білім беру ұйымы ретінде дамып келеді, сондықтан біз өзімізге жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қараймыз. Басқа университеттермен өз тәжірибемізбен бөлісу біз үшін өте маңызды», – деді Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу.
Форум ағымдағы жылдың 12-13 маусымында өткізіліп отыр. Іс-шараға білім беру саласының көшбасшылары мен топ-менеджерлері, жетекші ғалымдар мен зерттеушілер, 30 елден келген үкімет өкілдері мен саясаткерлер қатысып отыр. Биылғы форумның тақырыбы: «Жаһандық трендтер және олардың өңірге тигізетін әсері» деп аталады. Форумның күн тәртібі университеттердің көшбасшылығы, басқаруы мен  жауапкершілігі; білім берудегі жаһандық трендтер, білім мен зерттеулерде бақылау сапасын қамтамасыз ету мәселелерін қамтиды.
Форумның ерекше іс-шарасы ретінде Қазақстандағы білім беру реформасы бойынша халықаралық ғылыми-зерттеу тобының баяндамасын қамтитын «Қазақстандық білім беру саласына шолу» атты арнайы сессия өткізілетін болады. Белгілі шетелдік және отандық ғалымдар мен мемлекеттік саясат, қаржыландыру және орта менеджмент, кәсіби техникалық және жоғары білім мәселелері жөніндегі сарапшылар ҚР білім беру жүйесіндегі реформалардың проблемаларын талқылайтын болады.
Сондай-ақ форумның шеңберінде Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы кітапханашыларға арналған кәсіби семинар ұйымдастырылған.
Форумның  спикерлерінің арасында – Ирландияның жоғары білім басқармасының атқарушы директоры Том Боланд; бес мәрте беделді оқытушы сыйлығына ие болған, АҚШ-тағы «Бэбсон» және  «Олин» колледждерінің Қамқоршылық кеңестерінің мүшесі, профессор Ричард К. Миллер; Еуропа мен Орталық Азияның 27 елдері бойынша білім беру саласындағы саясат мәселелері жөнінде  Дүниежүзілік банкте жетекшілік еткен, білім беру сапасына зерттеулер жүргізген және тиімді білімге қолдау көрсету стратегиясын әзірлеген  профессор Стивен П. Хейнеман бар.
Былтыр Жоғары білім беру көшбасшыларының Еуразиялық форумы 28 елден келген 400-ден астам қатысушылардың басын қосқан еді.  2012 жылы өткен форумның тақырыбы білім беру ұйымдарын басқару мәселесі болған еді.  Форум жыл сайын Назарбаев Университетінде өткізілетін халықаралық іс-шараға айналып отыр.

apkecm.nu.edu.030534

Назарбаев Университетінің Коммуникация және маркетинг департаменті:
010000, Астана, Қабанбай батыр даңғ., 53, каб.1115
+7(7172)706090, 706087, 706089, 706131
pressa@nu.edu.kz, www.nu.edu.kz