Назарбаев Университетінде «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘҢГІЛІК ТІЛІ» атты халықаралық симпозиум өтті

Назарбаев Университетінде 2016 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған «МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘҢГІЛІК ТІЛІ» атты халықаралық симпозиум өтті.
Назарбаев Университеті еліміздегі ең жас жоғары оқу орны. Мұндағы білімгерлер – үш тілді еркін меңгерген еліміздің интеллектуалды көшбасшылары болатын, елдің және Елбасының үміт артқан жастары. Ертең ел ісіне араласып, елді басқару тізгінін қолына алатын жастар симпозиум аясында қазақ тілінің Қазақстандағы өзге тілдермен және әлемдік деңгейде басымдық танытатын халықаралық тілдермен байланысын, жаһандану үрдісіндегі даму бағытын талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Симпозиум мақсатына сәйкес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілінің жаһандану үрдісіндегі даму бағытын нақтылау, жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту мазмұнын академиялық және кәсіби бағытқа негіздеу, тілді оқыту үрдісінде озық инновациялық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.
Симпозиум жұмысы аясында «Қазақ тілі және жаһандану: Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық ассоциациясын құру» атты дөңгелек үстел жұмысын ұйымдастыру әрі панельдік секциялар көлемінде қазақ әдеби тілінің тарихы мен қазіргі даму бағыты, ХХІ ғасырдағы филология ғылымының өзекті мәселелері, жоғарғы оқу орындарындағы қазақ тілін оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемелері талқыланды. Жеке секция аясында жастардың пікір-көзқарастары ортаға салынды. Симпозиум бағдарламасына сәйкес, «Тәуелсіз Қазақстан және тіл саясаты» атты ғылыми көрме ұйымдастырылды.

Нәтижесінде симпозиум қарарымен Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық қауымдастығын құру жоспарланды. Оның басты мақсаты – қазақ тілін оқытудың жаңа инновациялық әдістерін жетілдіру, қолданыс кеңістігін кеңейту.
Симпозиум жұмысына еліміздің және шетелдік танымал тілші, әдебиетші, түрколог ғалымдары, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне еңбегі сіңген қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындары оқытушылары, білім-ғылым мекемелерінің мамандары және жас ғалымдар қатысты.