Назарбаев Университетінде INURA импульсті күшті ион үдеткішінің тұсаукесері өтті

2019 жылы 26 сәуірде Назарбаев Университетінде INURA / АЙНУРА (Innovative Nazarbayev University’s Research Accelerator) импульсті күшті ион үдеткіші негізінде жаңа зерттеу кешені ашылды. Ион үдеткішінің құрылысы Назарбаев Университеті (Қазақстан), Берклидегі Лоуренс ұлттық зертханасы (АҚШ) және Томск ұлттық зерттеу политехникалық университеті (Ресей) арасындағы үш жақты ынтымақтастықтың нәтижесі болып табылады.

“Біз осы саладағы ең үздік әлемдік сарапшылармен әзірленген және Қазақстанда да, шетелде де өзінің қажеттілігін көрсеткен бірегей қондырғыны құрдық. INURA үдеткіші Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын бес жылдық “НУ-Беркли заттың, перспективалы материалдар мен энергия көздерінің сыни жағдайын зерттеудің стратегиялық бағдарламасы” ғылыми-техникалық бағдарламасын жүзеге асыру аясында құрылды”, – деп атап өтті Назарбаев Университеті Президентінің Кеңесшісі, доктор Канат Байгарин. Канат Байгарин үдеткішті іске қосу бойынша НУ ғылыми-зерттеу тобының жетекшісі болып табылады, сондай-ақ топқа НУ Ғылым және технологиялар мектебінің ассистент-профессоры, доктор Александр Тихонов және НУ ғылыми қызметкері, доктор Марат Кайканов кіреді.

Сол күні Назарбаев Университетінде Берклидегі Лоуренс ұлттық зертханасы (АҚШ), Томск ұлттық зерттеу политехникалық университеті (Ресей), Ядролық физика институты, Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық университетнің қатысуымен халықаралық семинар өтті, онда INURA үдеткішінде жүргізілген алғашқы тәжірибелердің нәтижелері, мөлдір өткізгіш жабындарды модификациялау, наноұнтақты синтездеу, наноматериалдарды құрылымдық модификациялау, сондай-ақ көлемді плазмадағы наносекундты ұзақ бумалардың зарядтық бейтараптануын зерттеу бойынша талқыланды. Қатысушылар INURA үдеткішінің одан әрі дамуын және бірлескен ғылыми және қолданбалы зерттеулер мен жұмыстарды талқылады. Семинардың басты спикерлері – доктор Алессандро Ратти және доктор Томас Шенкель (АҚШ), профессор Геннадий Ремнев (Ресей), ассистент-профессор Александр Тихонов және ғылыми қызметкер Марат Кайканов (Казахстан).

Үдеткіш туралы: INURA – 10 000-ға жуық ампермен, ұзақтығы 80 нс (наносекунд) және 400,000 эВ-қа дейін энергияны (протондар мен көміртегі иондары) беретін жоғары импульсті ион үдеткіші. INURA үдеткіші іргелі және қолданбалы зерттеулердің кең ауқымы үшін әзірленген көп мақсатты зерттеу кешені болып табылады. Атап айтқанда, үдеткіш арқылы құрылған иондық сәуле түрлі қатты заттардың, соның ішінде наноматериалдардың құрылымдық модификациясы үшін бірегей және тиімді құрал болып табылады. Бұдан басқа, INURA үдеткіші жоғары қуатты иондық сәулелер физикасы және плазма физикасы сияқты салаларда жаңа ғылыми нәтижелер береді.