Назарбаев Университеті жобалық басқару саласындағы халықаралық конкурста «алтын» мен «күміс» иегері болды

Назарбаев Университеті 55-тен астам қатысушы елдерді қамтитын Дүниежүзілік жоба менеджменті қауымдастығының (IPMA) «Жылдың ең үздік жобасы» және «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинацияларында Қазақстаннан ұсынылған екі жобаның финалисі және 2017 жылдың жоба менеджментіндегі ең үздік практикалар халықаралық конкурсының (International Project Excellence Award 2017) жеңімпазы болды.  

Жобаны басқару саласындағы танымал мамандардан тұратын халықаралық қазылар алқасы «2017 жылдың ең үздік жобасы» номинациясында бірінші орынды (алтын медаль) Назарбаев Университетіне Медицина мектебі ғимаратының құрылысын салғаны үшін берді. 2017 жылы Қазақстан үшін бірегей және әлеуметтік маңызды жоба – Медицина мектебі ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға енгізілді. Ол жобалық басқарудың көмегімен табысты іске асырылды. Медицина мектебінің ғимараты сәулет дизайнымен ғана бірегей жоба емес, сонымен қатар интеграцияланған академиялық денсаулық сақтау жүйесінің дамуы шоғырланған жер  болып табылады. 

«Бірінші орынды біз құрылыс жобасын іске асырғанымыз – әріптестерімізбен бірге төрт жыл бойы Медицина мектебін құрғанымыз үшін алдық.   Осы жобаны біз барлық санаттағы үздік әлемдік тәжірибе мен стандарттар бойынша іске асырдық» - деп атап өтті  Назарбаев Университеті Президентінің әкімшілік-қаржылық басқару мәселелері жөніндегі консультанты, Қазақстандық жобаларды басқару қауымдастығының вице-президенті Мақсат Мамашев.

Сондай-ақ Назарбаев Университеті «Ең үздік әлеуметтік жоба 2017» номинациясында  «Назарбаев Университеті – көшбасшылық және Қазақстандағы білім беру реформасын дамыту» жобасы үшін екінші орын (күміс медаль) иегері болды. Назарбаев Университеті Қазақстанның адами капиталын ұзақ мерзімді дамытуды қамтамасыз ете отырып, жоғары білім беру жүйесіндегі флагман болып табылады. Халықаралық қазылар алқасының мүшелері осы номинациядағы конкурстың қорытындысын жасап, оның ел үшін әлеуметтік маңыздылығының дәрежесін ескерді.

Назарбаев Университетінен басқа, «Жылдың ең үздік жобасы» және «Ең үздік әлеуметтік жоба» номинациялары үміткерлерінің арасында Қытайдан, Индонезиядан,  Ресей Федерациясынан, Үндістаннан, Италиядан және басқа да елдерден қатысқан ірі компаниялар болды.