Назарбаев Университеті Жоғары білім беру көшбасшыларының VIII Еуразиялық форумына қатысушыларды қабылдайды

6-7 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында VIII Еуразиялық жоғары білім беру  көшбасшыларының форумы өтеді. Форум жыл сайын Назарбаев Университетінде өткізіледі. Форумның биылғы  тақырыбы “Болашаққа дайын түлектер”.

“Біз қатысушылармен және спикерлермен бірлесе отырып, болашақ түлегі қандай болуы керек деген сұраққа жауап табамыз деп ойлаймын. Жас мамандар ие болуы тиіс  қасиеттер, білік пен дағдыларды талқылаймыз”, – деп атап көрсетті Назарбаев Университетінің Вице-провосы Лоретта О ‘ Доннелл. 

Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева студенттердің жоғары оқу орнында алған білімдері тез арада өзектілігін жоғалтады деп санайды. Университеттер үшін студенттердің essential skills (маңызды дағдыларды) дамытуы өте маңызды, оларсыз түлектер болашақта, әсіресе  жасанды интеллект технологиясының  дамуына байланысты, бәсекеге қабілетсіз болып шығады. Таяудағы болашақта университеттердің жаңа сын-қатерлерге жауап беруіне тура келеді: жоғары білім беру жүйесінің архитектурасы өзгереді, білім берудің дәстүрлі нысандары өзгеріске ұшырап, ескіргендері өткеннің еншісінде қалады.

Форумға қатысушылар, олардың ішінде ТМД, Азия, Еуропа, АҚШ елдері жоғары оқу орындарының бірінші басшылары, сондай-ақ ұлттық және халықаралық компаниялардың өкілдері, өзгермелі еңбек нарығын және жоғары білім беру жүйесінің алдында тұрған жаңа сын-қатерлерді талқылайды. Форумның тақырыбы үздіксіз білім беру тұжырымдамасын, болашақ көшбасшыларды тәрбиелеу және индустриалдық-академиялық экожүйені қалыптастыру мәселелерінде азаматтық контексті талқылауды қамтиды.

Форум туралы қысқаша ақпарат:

  • Форум жыл сайын сегіз жыл бойы өткізіліп келеді.
  • Өткен жылғы форумның тақырыбы “Серпінді технологиялар дәуіріндегі жоғары білім инновациясы” болды.
  • Форумның 30 астам спикері Қазақстан, Ресей, Шри-Ланка, АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания, Қытай, Таиланд – барлығы сегіз елдің өкілі болып табылады.

Форумның кейбір спикерлері туралы қызықты деректер:

  • Энг Чие Тан, Сингапур Ұлттық Университетінің Президенті (көп жылдар бойы рейтинг бойынша Азиядағы № 1 ЖОО, Times Higher Education рейтингі бойынша әлемде 23-ші орында);
  • Тянь Сюй, Вестлейк университетінің (қытай) Вице-президенті – Қытайдағы алғашқы жеке зерттеу ЖОО, бүгінгі таңда жоғары оқу орны шет елден ең үздік қытайлық ғалымдарды тарту бойынша жұмыс істейді және ғылыми жобаларды табысты ілгерілетуде.
  • Кенн Росс, Минерва жобасының басқарушы директоры, бұл өз кампусы жоқ Университет. Студенттер 7 елде/қалада оқиды. Өткен жылы Минерва оқуға тілек білдірген талапкерлердің тек 1.9% – ын ғана қабылдады, ал Минерваға оқуға түсу Плющ Лигасының жоғары оқу орындарына түсуден әлдеқайда қиын.
  • Эмин Аскеров, әлеуметтік кәсіпкер. 2015 жылы “Green TAL”әлеуметтік шеберханасын құрды. Эмин Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің негізін қалады. Ресей (2016), Үндістан (2017) халықаралық форумдарына әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша сарапшы ретінде қатысты. Әлеуметтік кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу бойынша “Open World” бағдарламасының номинанты. (Калифорния, АҚШ 2015).
  • Лейла Ахметова Назарбаев Университетінің студенті, HPAIR халықаралық конференциясы ұйымдастыру комитетінің жетекшісі “Азия және халықаралық қатынастар бойынша Гарвард жобасы” (The Harvard College Project for Asian and International Relations / HPAIR) Гарвард университетінің Азия елдеріндегі жетекшілігі аясындағы аса  ірі студенттік конференция болып табылады.  Гарвард конференциясы тарихта алғаш рет ТМД-да өтеді. Конференцияны өткізу құқығын Назарбаев Университетінің студенттер командасы 2018 жылдың соңында Жапония, Сингапур, Қытай сияқты және т. б. елдерді артқа тастап, жеңіп алды. Әсіресе, бұл іс-шараның  Қазақстан жастарының жылында  өтетіні және жас ұрпақ үшін ең өзекті проблемалар  мен мәселелерді қозғайтыны ерекше маңызды.