Назарбаев Университеті және Samsung компаниясы ғылыми-зерттеу жобалары бойынша ынтымақтастық орнатты

Назарбаев Университетінде «Samsung Smart Lab» зертханасы ашылады, ол толығымен компанияның құрал-жабдықтарымен және мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуімен жабдықталатын болады.   «Samsung Smart Lab» Назарбаев Университеті мен «Samsung Еlectronics» компаниясы арасындағы өзара түсіністік меморандумына қол қою шеңберінде бүгін өткен іс-шарада ұсынылды. Қол қою рәсіміне «Samsung Electronics Kazakhstan and Central Asia» компаниясының Президенті Сын Сик Чой және Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу қатысты.
«Бұл  Samsung компаниясы үшін өте маңызды іс-шара. Біздің компания жоғары технологиялар саласындағы үздіктердің қатарында бірінші орынға ие болып отыр, сондай-ақ біз өзіміздің көшбасшылығымызды индустрия саласында да қолдануды жоспарлап отырмыз. Samsung өзі тұрып жатқан елдердің салалық және кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Сондықтан Назарбаев Университеті сияқты озық мекемемен орнатқан әріптестік Қазақстанның ғылыми саласына  Samsung-тың озық технологияларын ұсыну мен енгізуге мүмкіндік жасап қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық әзірлеушілердің зерттеушілік әлеуетін ашуға және жетілдіруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті  «Samsung Electronics Kazakhstan and Central Asia» компаниясының президенті Сын Сик Чой мырза, – Назарбаев Университетімен бірге жүзеге асырылатын ағымдағы және болашақтағы барлық жобалар бизнестегі әріптестіктің есебінен білімге қолдау көрсетудің 2011-2020 жылдарға арналған  мемлекеттік бағдарламасын дамыту, сондай-ақ «e-learning» оқыту жүйесін алға жылжыту  мақсатында әзірленіп отыр.».

«Samsung компаниясымен орнатылған әріптестік мен үшін өте қуанышты. Осы әріптестік Назарбаев Университетінің қоғамдастығы үшін жаңа технологиялар мен заманауи техникалық шешімдерге жол ашады, – деп атап өтті Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу, – біздің әріптестігіміз университет қызметінің түрлі аспектілерін – ғылым мен зерттеулерді, академиялық процестер мен  студенттік өмірді қамтиды. Samsung компаниясының біздің университетке бөліп отырған  көңілі мен мүддесін біз өте жоғары бағалаймыз. Біз ұзақ және нәтижелі әріптестікті дамыта түсуге дайынбыз.».

Қол қойылған меморандумның шеңберінде «Samsung Electronics» компаниясы университеттің ғалымдары мен профессорлар құрамының қатысуымен бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Назарбаев Университетінде заманауи зертханаларды жабдықтаумен қатар, 2013-2014 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына мынадай жобалар кіреді:

– жыл сайын компаниядан тұрақты қаржылық көмекті алу үшін Назарбаев Университетінің төрт  студентін іріктеп алу шеңберінде Samsung стипендиясын тағайындау;
– ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен цифрлік шешімдер саласында бірлескен қолданбалы зерттеулерді жүргізу  және IT саласындағы әзірлеушілер үшін мамандандырылған байқауларды ұйымдастыру. Сондай-ақ;
– Университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін тарта отырып, бірлескен инновациялық жобаларды әзірлеу және іске асыру.
Назарбаев Университеті мен Samsung компаниясының бірлескен жобалары бірінші кезекте  Nazarbayev University Research & Innovation System орталығы мен Назарбаев Университетінің білімді, ғылымды, инновациялар мен индустрияны интеграциялау процесінде негізгі кезең болып табылатын инновациялық-зияткерлік кластердің бір бөлігі ретіндегі университеттің ғылыми паркінің негізінде жүзеге асырылатын болады. 

index