Назарбаев Университеті және әлемге әйгілі Берклидегі Лоуренс Ұлттық зертханасы (Lawrence Berkeley National Laboratory) Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Назарбаев Университетінде Ұлттық зертхана құрылып жатыр. Осыған орай «Назарбаев Университеті» ДБҰ Президенті Шигео Катсу және Вице-Президент Қанат Байғарин Берклидегі Лоуренс Ұлттық зертханасына барып қайтты (Lawrence Berkeley National Laboratory USA), сол жерде Өзара түсіністік туралы бірлескен меморандумға қол қойылды.  

Қол қойылған меморандумның негізгі мақсаты Назарбаев Университеті мен Лоуренс Ұлттық зертханасы арасында өзара тиімді ғылыми-зерттеу және академиялық әріптестікті құру болып табылады.

 Меморандум бірлескен симпозиумдар мен дәрістерді өткізуді қоса алғанда, ғылыми саладағы өзара белсенді іс-қимылдарды, деректермен, зерттеулердің нәтижелерімен және жинақталған тәжірибемен алмасуды,  ғылыми қызметкерлер мен оқу бітіретін студенттердің тағылымдамаларын, бірлескен эксперименттер мен зерттеулерді өткізуді көздейді.

Ынтымақтастық термоядролық синтез, энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, материалтану, computer science және биотехнологиялар сияқты бағыттарда жүргізілетін болады.  Сондай-ақ «Болашақ энергиясы» орталығын құру бойынша әріптестік және EXPO-2017 бойынша бірлескен дайындық жұмыстары жоспарланып отыр.

Берклидегі Лоуренс Ұлттық зертханасы (Lawrence Berkeley National Laboratory) АҚШ-тың Энергетика министрлігінің ұлттық зертханасы болып табылады және  Калифорния университетінің құрылымына кіреді. Өз атауын циклотронды ойлап тапқан-Нобель сыйлығының лауреаты Э.Лоуренстің құрметіне алды (1939 ж.). Берклидегі Лоуренс зертханасы қызметінің барысында оның 11 қызметкері Нобель сыйлығына ие болды. Бүгінгі күні зертханада 800 студентті қоса алғанда,  4000 қызметкер, сондай-ақ әлемнің түрлі ғылыми орталықтарынан келген 3000-ға жуық зерттеушілер  жұмыс істейді.

Әлемге әйгілі Берклидегі Лоуренс Зертханасымен орнатылған әріптестік жас және қарқынды дамып келе жатқан Назарбаев Университеті үшін өте тиімді болып табылады.