Назарбаев Университеті түлектерінің IV оқу бітіру рәсімі

Бүгін Назарбаев Университетінде Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен университет түлектерінің IV оқу бітіру рәсімі өтті.

Биыл бакалавриат, магистратура және PhD бағдарламаларының 811 студенті оқу бітіреді, оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 506 студент, магистратура бағдарламасы бойынша 302 студент және докторантура бағдарламасы бойынша 3 студент.

Түлектердің көпшілік саны Ғылым және технологиялар мектебінің (195 түлек); Инженерия мектебінің (156 түлек); Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің (155 түлек) бакалавриат студенттері болып табылады. Магистрлік бағдарламалар бойынша Жоғары бизнес мектебінде – 64 түлек, Жоғары білім беру мектебінде – 46 түлек, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде – 48 түлек, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде – 33 түлек, Ғылым және технологиялар мектебінде – 23 түлек, Инженерия мектебінде – 63 түлек, Медицина мектебінде – 25 түлек (алғашқы түлектер). Докторантура бағдарламасы бойынша Жоғары білім беру мектебінде – 3 түлек. Үлкен сұранысқа ие мамандықтардың ішінде электрлік және электронды инженерия, робот техникасы, биологиялық ғылымдар, саясаттану және халықаралық қатынастар, математика және т.б. атап өтілді.

Бүгінгі таңда Университетте тегін білім алатын грант иегерлерінің саны 4 000 адам. Оқуға түсу емтихандарының қорытындылары бойынша ең жоғары нәтижелерге ие болған талапкерлер Назарбаев Университетінде студенттің бүкіл оқу кезеңіндегі шығыстарын өтейтін мемлекеттік білім беру гранты шеңберінде білім алады. Магистранттар мен докторанттарды оқыту да мемлекеттік білім беру гранты шеңберінде жүзеге асырылады. Жоғары бизнес мектебінің бағдарламалары бойынша білім беру ерекше болып табылады. Назарбаев Университетінің Мектептері әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікте әзірленген бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім береді. Білім беру, ғылым мен өндіріс арасында өзара байланысты қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ тиімді академиялық ортаны құру және елдің адами капиталын дамыту үшін таңдаулы ұлттық және халықаралық зерттеушілер университетке шақырылған.

Назарбаев Университетінің түлектері – өз отанында да, сондай-ақ шетелдерде де сұранысқа ие бәсекеге қабілетті жас мамандар. Өткен жылғы алғашқы докторант түлектерді қоса алғанда, бұған дейінгі үш жылдың түлектері, ал олар 1 800-ге жуық студент өткен жылы әр түрлі компанияларға табысты жұмысқа орналасты. «Түлектердің жартысынан көбі бірден жұмысқа орналасады. Олар қаржы қызметтерін көрсету, инженерия, робот техникасы секторларында жұмыс істейді, ірі консалтингтік компанияларға жұмысқа орналасады. Біз көпшілігінің өз бизнесін ашу үрдісін көріп қуанамыз. Біздің студенттеріміз негізінен Қазақстан аумағында жұмыс істейді, ал сыртқа кеткендер білім алуларын жалғастыруда. Студенттердің бір бөлігі халықаралық компанияларға табысты жұмысқа орналасады», – деп атап көрсетті Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу. Бұның алдындағы жылдардың  30-дан астам түлектері Еуропаның, Солтүстік Американың және Азияның еңбек нарығында өз орындарын тапты. Олардың арасында Google және Microsoft сияқты жетекші IT-компанияларда, сондай-ақ Силикон алабында жұмысқа орналасқан түлектер де бар.