Назарбаев Университеті цифрландыру тақырыбы бойынша бірқатар семинарлар мен вебинарларды бастайды

Ақпаннан сәуірге дейін үш ай бойы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қолдау үшін Назарбаев Университетінің оқытушылары мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілдеріне арналған «Цифрландыру» тақырыбы бойынша дәрістер өткізеді. Семинарлардың мақсаты – цифрлық экономиканың құзыреттілігі мен дағдыларын дамыту және цифрлық сауаттылық деңгейін арттыру.

Мемлекеттік қызметшілер мен Үкімет өкілдері «Цифрландыру», «Ауқымды деректерді өңдеу және деректерді зияткерлік талдау», «Машиналық оқыту әдістері және жасанды интеллект», «Суреттерді компьютерлік өңдеу және бейнелерді машиналық тану», «Биоинформатика», «Сенсорлық желілер және смарт-қалалар», «Сөйлеу тілін тану және тілдерді өңдеу», «Киберқауіпсіздік», «Блокчейн және криптовалюталар» тақырыптары бойынша материалдарды зерделеудің бірегей мүмкіндігіне ие болады.

Әрбір семинардың шеңберінде Назарбаев Университетінің оқытушылары және «National Laboratory Astana» ЖМ-нің зерттеушілері өз білімімен, тәжірибесімен және дағдыларымен бөлісетін болады. Барлық дәрістер қол жетімді болады. Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің оқытушылары вебинарлар арқылы онлайн-дәрістер өткізеді.

2017 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын  бекіткенін атап өткен жөн. Оның негізгі мақсаты – сандық  экожүйені ілгері дамыту есебінен Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін және өмір сүру сапасын арттыру.