Назарбаев Университеті түлектерінің V оқу бітіру рәсімі өтті

31 мамыр – 1 маусым күндері Назарбаев Университетінде мерейтойлық V оқу бітіру рәсімі өтті.  31 мамырда Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті және Назарбаев Қоры Жоғары Қамқоршылық кеңесінің Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев рәсімге қатысып, түлектерге құттықтау сөз сөйледі, оларды оқуларын аяқтаумен құттықтады және үздік диплом алған түлектерге өз қолынан дипломдарды табыс етті.

Елбасы «NU – Назарбаев Университеті» брэнді әлемдік академиялық ортада ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару, бизнес, медицина, инновация, ІТ-технология саласында кеңінен танымал болғанын белгіледі. Университет қысқа мерзім ішінде жоғары білікті кәсіби кадрлар дайындайтын, сондай-ақ отандық ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамытатын еліміздің беделді оқу орны ретінде қалыптасты. Білім ордасының басты активі – оның зияткерлік әлеуеті саналатын адамдар – оқытушылар, студенттер, басқарушы персонал. Қазақстанның Тұңғыш Президенті түлектерді еліміз бен қоғамымызды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырды.

Өз кезегінде Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу түлектерді қоғам дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік бар жолды өмірде таңдауға шақырды. “Сіз, 2019-түлектері, біздердің 2015-2018 алғашқы төрт бітірушілерден байқаған алғашқы ашушылардың рухына ие боласыз. Сізге рахмет!.. Еңбек нарығында, ғылымда немесе кейінгі оқуда қандай жолды таңдағаныңыз қандай болса да, біздің Университет сізді туындаған сын – қатерлерді табысты әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретін дағдыларды дамыту және жақсарту үшін барлық құралдармен жабдықтады деп үміттенемін”, – деді өз сөзінде Президент Катсу. Ол сондай-ақ, өндірісті цифрландыру мен роботизациялауға байланысты еңбек нарығын қысқарту туралы көптеген болжамдарға қарамастан, оптимизмді жоғалтудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Ескірген кәсіптердің орнына жаңа мамандықтар келеді, көптеген болашақ мамандықтары әлі де беймәлім.

Іс-шараның екінші күні университет мектептерінде салтанатты рәсімдер өтті, онда қонақтар арасында түлектердің отбасылары да болды.

Биыл ЖОО түлектерінің саны 963 студентті құрады, оның ішінде 565 студент бакалавриат бағдарламасы бойынша, 378 студент магистратура бағдарламасы бойынша, 14 – медицина докторы (MD) және 6 студент PhD докторантура бағдарламасы бойынша оқу бітірді. Түлектердің көпшілік саны Ғылым және технологиялар мектебінің (236 түлек); Инженерия мектебінің (152 түлек); Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің (149 түлек), ал Медицина мектебінде – 28 түлек бакалавриат бағдарламасының студенттері болып табылады. Магистрлік бағдарламалар бойынша Жоғары бизнес мектебінде – 82 түлек, Жоғары білім беру мектебінде – 77 түлек, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде – 49 түлек, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде – 70 түлек, Ғылым және технологиялар мектебінде – 34 түлек, Инженерия мектебінде –70 түлек, Медицина мектебінде – 27 түлек, Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінде – 20 түлек (алғашқы түлектер). Докторантура бағдарламасы бойынша – 6 түлек (3 – Жоғары білім беру мектебінде және 3 – Инженерия мектебінде).

Назарбаев Университетінің мектептері АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур сияқты әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікте әзірленген бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқыту жүргізеді. Тиімді академиялық ортаны құру және елдің адами капиталын дамыту мақсатында Университетке студенттерді оқыту үшін әр түрлі елдердің үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілері жұмысқа шақырылды. Университеттің оқытушы-профессорлар құрамы әлемнің 53 елінен келген 477 адамды құрайды (26% – ұлттық кадрлар). Университеттің барлық профессорлары (ОПҚ-ның 11%-ы) PhD дәрежесіне ие, ОПҚ-ның 35 мүшесі – «Болашақ» бағдарламасы бойынша PhD алған.