Назарбаев Университеті студенттерінің фильмі «Ойын жанрындағы үздік фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды

2 наурызда Астанада «KinostArt-2018» ҚазҰӨУ киносыншыларының II жыл сайынғы байқауы өтті. Назарбаев Университеті студенттерінің «Жел» фильмі «Ойын жанрындағы үздік фильм» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Осыған орай, фильм авторлары 19 наурызда Алматыда өтетін «Сыншылар таңдауы-2018» кино-конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Егер «KinostArt-2018» байқауына қатысушылар тек Астанадан ғана болса, «Сыншылар таңдауы - 2018» атты іс-шара республика көлемінде өтеді. Біз фильмнің режиссері, Назарбаев Университеті (NU) Инженерия мектебінің 2-курс студенті Әділет Әбіштен сұхбат алдық.

- Әділет, осы байқауға қатысамын деген ойға сізге қалай келдіңіз?
- Барлығы НУ Жастар Парламенті ұйымдастырған Annual Film кинофестиваліне қатысудан басталды. Кинофестивальдан кейін қазылар алқасының бір мүшесі бізге келіп, Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастыратын іс-шараға қатысуды ұсынды. Біз ҚазҰӨУ студенттерімен бәсекелесе алатынымызға күмәндандық, өйткені олардың көбісі кино түсіру және режиссура салаларындағы мамандықтардың студенттері еді. Ақыр соңында, біз екі негізгі номинацияның бірін ұтып алдық! Барлығы 11 номинация болды, олардың тек екеуі ғана («Гран-при» және «Ойын жанрындағы үздік фильм») республика көлеміндегі «Сыншылар таңдауы-2018»байқауына қатысады.

- Фильмнің идеясы қалай пайда болды?
- Annual Film Fest 2017 – бұл менің екінші кинофестивалім. Өкінішке орай, бірінші фестивальда ештеңеге қолжеткізе алмадым. Фильмнің идеясы Сапар Сұрағановқа тиесілі және ол біздің алғашқы кинофестивальға қатысуымыздан бұрын туындады. Сол кезде біз 1986 жылғы желтоқсанда болған оқиғаларды таңдаудан жүрексіндік, себебі қысқа фильмде ойымызды толық ашу қиынға соқты. Екінші кинофестивальға дайындық кезінде бізге жаңа тақырыпты таңдау оңай болған жоқ, өйткені ешкімде жаңа идея болған жоқ. Көп ойланғаннан кейін біз Алматыдағы оқиғалар туралы фильм түсіруге бел будық. Сапар осы тақырып бойынша көптеген деректерді зерттеді: ол қоғамда кеңінен таралған деректерді талдады, және де осы оқиғалар туралы мақалалар жазған адамдармен кеңесті. Негізгі мақсаттардың бірі – ешкімді ренжітпей, оқиғаларды бұрмаламай, дәл жеткізу. Сірә, тәжірибенің жетіспеушілігінен сценарийдің бірінші нұсқасы дұрыс шықпады. Алайда, тарихшылармен кеңескеннен кейін, барлық кемшіліктерді жойдық. Фильм біреуді мысқылдау немесе біреуге ой салу деген мақсатты тұтпайды, ешқандай мәселелерді көтермейді. Фильмнің бейнелейтіні – 1986 жылғы студент пен 2017 жылғы студенттің кездесуі. Фильмнің қандай да бір мағынасын іздеп әуре болмаңыз. Әр адам фильмді өзінше түсінеді.Бұл тамаша ғой!

- Кастинг процесі қалай өтті?
- Барлық қатысушылар – Назарбаев Университетінің студенттері. 2017 жылғы студенттің рөлін Әлішер Кәженов, ал 1986 жылғы студенттің рөлін Сәния Әсембек орындады. Әдетте, режиссёрлар мен сценарий жазушылардың фильмде көргісі келетін кейіпкері бар. Біз үшін басты кейіпкердің бейнесі – бұл қазіргі жас қазақ интеллигенциясының өкілі болып келетін, қараторы қазақтың баласы. Әлішердің келбеті сценарийдегі сипаттамаға мүлдем сәйкес келмеді, бірақ бізге оның кастингтегі ойыны, және де оның кіші Сергей Бодровтың «Ағайынды» фильмінен таңдаған кейіпкерді сомдауы өте ұнады. Нәтижесінде, біз Сапар екеуіміз Әлішердің сырт келбеті қазіргі Қазақстанда әртүрлі ұлт өкілдері тұратындығының және олардың арасында ынтымақтастық барлығының көрсеткіші ретінде пайдаланылуы мүмкін деген қорытындыға келдік.

Әйел рөлін сомдаушыға келер болсақ, біз Санияны бұрынғы кастингтерден білеміз. Ол рөлдерді жақсы ойнайтындықтан, біз оны шақырдық. Түсірілім тобындағылар кәсіби шеберлер емес. Фильмнің қоюшысы мен жарық операторы менің достарым – Әділжан Әділханов пен Мирас Нысанбек. Әділжанның қоюшы ретінде тәжірибесі бар, мен оған толық сендім. Монтажды менің досым, біздің LCA клубымыздың мүшесі Джабраил Чумаков жасады. Бәрімізді біріктіретін нәрсе – тек қана киноны жақсы көретініміз және осы идеяға беріліп кеткеніміз.

- Бейнетүсірілімге деген қызығушылығың неден басталды?
- Мектепте оқып жүрген кезімде мен жинаған ақшама жақсы камерасы бар смартфон сатып алған едім. Бірде мен достарыммен тауға шықтым, онда көп фото түсірдім және бірнеше бейнебаян жаздым. Үйде мен телефондағы стандартты бейнередакторды тауып, оның көмегімен бейнебаянды жөндедім. Оған әуен қостым. Ол онша жақсы шыққан жоқ, бірақ маған ұнады. Содан кейін сыныптағы достарыммен бірге менің телефоныма біздің кластағы қыздарды 8 наурыз мейрамымен құттықтау бейнебаянын түсірдік. Кейінірек әкем маған отбасылық фотосуреттерге арналған жартылай кәсіби фотоаппарат сатып алды. Мен оны мектептегі әртүрлі оқиғаларды түсіру үшін қолдануға кірістім. Бейнебаянды редакциялау үшін мен сол бағдарламаны, бірақ қарындасымның ноутбугында қолдандым.

- Болашаққа жоспарыңыз қандай?
- Қазір мен Инженерия мектебінің екінші курс студентімін және оған қоса, мен коммерциялық бейнетүсіріліммен айналысамын. Мен мектепте оқыған кезімде өзімнің әуес ісіммен ақша табатынымды тіпті елестете алмайтынмын. Мен болашақта немен айналысатынымды нақты айта алмаймын, бірақ ылғи да шығармашылықпен айналысуға тырысамын, ол басқа түрде де болып келуі мүмкін. Тек айтарым, мен құр қалмаймын (күледі). Мүмкін, қазір мен ізденіс үстінде шығармын.

- Оқу мен түсірілімді қалай бірге алып жүрсіз?
- Университеттегі алғашқы оқу жылынан кейін мен әлеуметтік белсенділігіме аз уақыт бөлсем, бос уақытым көп болады деп ойлағанмын. Уақытты үнемдеу үшін мен өзім негізін қалаған LCA студенттік клубтың президенті қызметінен кетіп қалдым. Дегенмен, екінші курста маған әлеуметтік белсенділіксіз көңілімнің жоқтығы, ал жақсы көңіл-күй болмаса, оқуға көңіл бөлу өте қиын екені түсінікті болды.
Мен өзім үшін, өмірдегі барлық нәрселер үйлесімді болу керектігін, солай болғанда ғана барлығына уақыт табуға болатынын түсіндім!