Назарбаев Университеті ”Бизнес басқару магистрі” (Executive MBA) мамандығы бойынша студенттерді қабылдайтын болады

Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебі Фукуа Бизнес мектебімен бірге ”Executive MBA” мамандығы бойынша академиялық бағдарламаны 2012 жылдың желтоқсан айында және ”Daytime MBA” бағдарламасын 2014 жылы іске қосатын болады. Осыған орай, бүгін ”Назарбаев Университеті” дербес білім беру ұйымы мен оның Жоғары бизнес мектебі бойынша стратегиялық әріптесі – Дьюк Университетінің Фукуа Бизнес мектебі арасында келісімге қол қойылды. Ұзақ мерзімді келісімге Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу, Назарбаев Университеті Атқарушы кеңесінің Төрағасы Аслан Сәрінжіпов және Дьюк Университетінің Фукуа Бизнес мектебінің Деканы Уиллиам Болдинг қол қойды.

Бүгінгі таңда Назарбаев Университеті Executive MBA (EMBA) бағдарламасына студенттерді қабылдау жұмыстарын бастады. Аталған бағдарламаның студенттері өндірістен қол үзіп оқу арқылы МВА дәрежесін алады, бұл оларға мансаптық жолмен өсуге қосымша жағдай жасайды, сондай-ақ жеке, кәсіби біліктілігін аймақтық және халықаралық деңгейде кеңейтуге мүмкіндік береді. Оқу Назарбаев Университетінде, сондай-ақ Фукуа Бизнес мектебінің кампусында Дарем қаласында (Солтүстік Каролина, АҚШ) жүргізілетін болады. Фукуа Бизнес мектебінің оқытушы-профессорлар құрамы Bloomberg Businessweek-тің 2010 жылғы рейтингісіне сәйкес зияткерлік капитал бойынша 1-орынды алып отыр.

Бүгін қабылданған келісім Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебіне академиялық даму, адами ресурстарды, академиялық персонал мен инфрақұрылымды дамыту бойынша консультациялық және білім беру қызметтерін көрсету мәселесін қамтиды. Әріптестіктің бірінші кезектегі міндеті – жоғары білікті оқытушы-профессорлар құрамын қалыптастыру және Мектептің ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытумен бірге табысты бизнес-көшбасшылардың жаңа буынын даярлайтын MBA-дің жоғары сапалы бағдарламаларын әзірлеу болып табылады.

EMBA бағдарламасының оқытушылары – Фукуа Бизнес мектебінің профессорлары, олардың арасында беделді академиялық басылымдардың редакторлары, ірі халықаралық бизнес-компаниялардың басшылары мен жетекші сарапшылар бар. Сонымен қатар Назарбаев Университеті халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандардың ішінен Жоғары бизнес мектебіне өзінің профессорларын тартуды жоспарлап отыр.

Дьюк Университетінің басқа бөлімшесі – Duke Corporate Education Назарбаев Университетімен бірге ”Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын іске асыру шеңдберінде ”Шағын және орта бизнестің топ-менеджерлерін оқыту” атты қысқа мерзімді сертификаттық бағдарламаны екі жыл бойы жүргізіп жатқанын атап өту қажет. Аталған бағдарлама бойынша еліміздің 420 кәсіпкері білім алды.

Қазіргі таңда Назарбаев Университетінде стратегиялық серіктестерімен жыл сайынғы кездесу өтіп жатыр. Жалпы отырыстарда бір жылдың ішінде орындалған шаралар талқыланып жаңа академиялық жылға жоспарлар бекітіледі.

Aug 22 1

Назарбаев Университетінің Коммуникация және маркетинг департаменті:
010000, Астана, Қабанбай батыр даңғылы, 53, каб.1115
+7(7172)706090, 706087, 706089, 706131
pressa@nu.edu.kz, www.nu.edu.kz