Назарбаев Университеті Азия елдері арасында ірі студенттік конференцияны өткізу алаңы ретінде таңдап алынды

Назарбаев Университеті 2019 жылы «The Harvard College Project for Asian and International Relations 2019 Asia Conference (HPAIR 2019 Asia Conference)» конференциясын өткізу құқығын жеңіп алған университет болғанын қуана хабарлайды. Биыл конференция өткізу құқығына НУ-мен бірге Сингапур, Жапония, Қытай, Тайвань және Үндістан университеттері күресті.

НУ Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің студенті және Назарбаев Университетінің Студенттік үкіметінің президенті, HPAIR 2019 Asia Conference Ұйымдастыру комитетінің  жетекшісі Лейла Ахметова атап өткендей, түпкілікті шешім қабылдау мақсатында Гарвард университетінің (АҚШ) HPAIR Ұйымдастыру комитетінің мүшелерінен құрылған делегация  Астана қаласына келіп, Назарбаев Университетінің ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен келіссөздер өткізді. Енді Назарбаев Университетінің командасы іс-шараны бірлесіп дайындау мақсатында Гарвардқа аттанады.

Айта кететін жәйт, HPAIR-2019 конференциясы Астана қаласында Жастар жылы өтеді және  қазақстандық жас ұрпаққа жаңа мүмкіндіктерді ұсынады. Іс-шараның күн тәртібіне алты тақырыптық панельдер кіреді: 1) әлеуметтік саясат және инклюзивтік даму, 2) әлемдік экономика, 3) қауіпсіздік және дипломатия, 4) бизнес және технологиялар, 5) қоршаған ортаның тұрақтылығы және энергетика, 6) мәдениет және медиа.

«Азия және халықаралық қатынастар жөніндегі Гарвард жобасы (The Harvard College Project for Asian and International Relations / HPAIR)» конференциясы Азия елдерінде Гарвард университетінің бастамасымен өтетін ең ірі студенттік конференция болып табылады.

Конференция студенттер мен жас мамандар үшін Тынық мұхит аймағындағы және Азия елдеріндегі ең маңызды экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерді талқылау мақсатында пікірталас алаңы ретінде құрылды. Конференция 1991 жылдан бастап 32 000 қатысушыларды тарта отырып,  әлемнің 12 еліндегі жоғары оқу орындарында өтті. Конференцияның бұрынғы спикерлерінің арасында елдердің көшбасшылары, танымал ғалымдар мен Нобель сыйлығының лауреаттары, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың басшылары бар.