Назарбаев Университеті – Астанадағы халықаралық конференцияның қатысушысы

Қазанның 26-27-сі күндері Астанадағы ЭКСПО конгресс орталығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Білім саласындағы ең масштабты шараны Зияткерлік мектептердің қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу мырза ашты.

–  Әлем үлкен өзгеріс алдында тұр. Қазіргі кезде жүріп жатқан жалпы ғаламдық процесстер және Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында конференцияның тақырыбы өте орынды әрі маңызды. Енді оқушыны оқыту процессінің ортасына қойып, олардың әл-ауқаты мен құндылықтарына басты назар аударылуда – Шигео Катсу мырза атап өтті.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар қазіргі заман адамзатына маңызды «Білімнің болашағына арналған құндылықтар, әл-ауқаттылық және инновация» тақырыбын талқыға салды: білім саласының ең үздік халықаралық сарапшыларымен өткен пленарлы отырыстар, Зияткерлік мектептер жүйесін қамтыған секциялық отырыстар,  панельді дискуссиялар, презентациялар, семинарлар, уоркшоптар.

Конференцияның негізгі спикерлері – Сингапур Ұлттық білім университетінің директоры Он Сен Тан, ЕЭЫДҰ (Франция) Білім департаменті ерте балалық және мектеп бөлімінің басшысы, PISA және TALIS кеңкөлемді зерттеулер үйлестірушісі Юри Белфали, финдік белгілі сарапшы, Гарвард университетінің шақырылған профессоры Паси Салберг, әйгілі канадалық психолог, Ньюфелд институтының директоры Гордон Ньюфелд, басқа да білім саласында әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен топ-менеджерлер.

Назарбаев Университеті  әлемнің 20 елінен жиналған 1500–ден аса қатысушымен өткен конференцияға өте белсенді қатысты. Жоғарғы оқу орнының ғалымдары секциялық жұмыстар мен семинарларды өткізуде үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, екі күн ішінде университеттің арнайы стенді жұмыс істеді.