Мемлекет басшысы Н.Назарбаев елордадағы Назарбаев Университеті Медицина мектебінің жаңа ғимаратын ашты

2017 жылғы 25 қаңтарда Астана қаласында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Назарбаев Университеті Медицина мектебінің жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Назарбаев Университеті Қамқоршылық кеңесінің Мүшелері, ҚР Үкіметі кабинетінің өкілдері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ әріптес жоғары оқу орындарының өкілдері мен басқалар қатысты.

Медицина мектебінің ғимараты 9 қабаттан тұрады, жалпы алаңы 39 825 шаршы метрді құрайды, мұнда ғылыми және оқу зертханалары, симуляциялық орталық, анатомиялық зертхана, дәріс залдары мен сабақ жүргізуге арналған бөлмелер, кітапхана, асхана және офистік үй-жайлар, сондай-ақ студенттер мен оқытушыларға арналған демалу аймақтары орналасқан. Медицина мектебі ғимаратының жобасын медицина мектептерін жобалау саласында тәжірибесі бар Perkins+Will американдық сәулет компаниясы жасаған болатын.

Медицина мектебінің жаңа ғимараты медицина студенттеріне білім берудің заманауи талаптарына толық сай келеді. 5 қабатта студенттерді манекендер мен басқа да медициналық жаттығу құрылғылары арқылы клиникалық практикаға оқытуға арналған симуляциялық орталық орналасқан. Бұл студенттерге белгіленген дағдыларды меңгеруге және кейіннен пациенттермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Медицина мектебі өз тәжірибесінде стандартты пациенттердің (пациент ретінде арнайы жаттыққан адамдар) көмегімен студенттерді оқыту әдістерін белсенді пайдаланады.

2 және 3-қабатта орналасқан ғылыми зертханалар студенттерге ғылыми қызметпен айналысуға мүмкіндік береді. Өздеріңізге белгілі, студенттер екінші курстан бастап оқытушылармен бірге жазғы шағын ғылыми жобаларға ерікті түрде қатыса алады. Үшінші курстан бастап студенттер оқытушы-профессорлар құрамымен бірге міндетті түрде ғылыми жобаларға қатысатын болады.

Қазіргі сәтте Медицина мектебінде 75 студент келесі мамандықтар бойынша білім алуда: Медицина докторы (MD) және Қоғамдық денсаулық сақтау магистрі (MPH). Медицина мектебі сондай-ақ медбикелердің біліктілігін жетілдірудің 6 айлық курсы шеңберінде жұмыс істеп жүрген 31 медбикені оқытты. 2017 жылдың тамызында Мектеп молекулярлық медицина бойынша тағыда бір магистрлік курсты іске қосуды жоспарлап отыр.

Медицина мектебі туралы анықтамалық ақпарат:
Назарбаев Университетінің Медицина мектебі (НУММ) 2015 жылы тамызда ашылды. Осы Мектепті құрудағы негізгі мақсат ғылыми-зерттеу дағдылары бар, адам өмірінің сапасын жақсартуға қабілетті, медицина ғылымының іргелі ұғымдарын игерген және Қазақстан Республикасында медицинаның және медицина ғылымының дамуына маңызды үлес қосуға дайын біліктілігі жоғары дәрігерлер дайындау болып табылады.
Назарбаев Университеті Медицина мектебінің миссиясы әлемдік стандарттарға сәйкес біліктілігі жоғары дәрігерлер дайындайтын Медицина мектебінің жаңа моделін дайындау және осы модельді Қазақстанның басқа да медициналық білім беру орталықтарына трансферттеу болып табылады, бұл өз кезегінде дайындалған кадрлардың сапасын елеулі жақсартады, осылардың нәтижесі ретінде Қазақстан халқының денсаулығы жақсара түседі.
Мектептің пайымдауы Қазақстан Республикасы, Орталық Азия және одан тыс жерлерде халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту үшін медициналық білім беру, биомедициналық зерттеулер және пациенттерге күтім көрсету саласында жоғары санаттағы орталықты құру болып табылады.

Коммуникациялар және маркетинг департаменті, Назарбаев Университеті
010000, Астана, Қабанбай батыр д.53
Тел: +7(7172)709357, 706091, 694738, 708954, 709449
pressa@nu.edu.kz | nu.edu.kz