Made in NURIS электросамокаты

Сіз электросамокат сатып алу туралы ойлап көрдіңіз бе? Немесе оны өзіңіз құрастыру туралы ойыңыз болды ма? Мүмкін тіпті 3D принтерде басып шығару ойыңызға келді ме? Назарбаев Университетінің NURIS инновациялық кластерінде NU TEAM студенттер  командасы электросамокаттың (немесе скутер) жаңа үлгісін әзірледі.

Моделдің жұмыс атауы SteelG. Оны жасау үшін төрт айдан астам уақыт бойы Ерсұлтан Баймухан, Мақсат Әнуарбек – Инженерия мектебінің 2 курс студенттері, Сұлтанмұрат Елеу – Ғылым және технологиялар мектебінің түлегі, Ақмарал Қалманбаева – Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің 2 курс студенті және жобаның жетекшісі Айдар Әлімбаев – Назарбаев Университетінің NURIS инновациялық кластерінің қызметкері жұмыс істеді. Студенттердің электросамокатының техникалық сипаттамалары ірі өндірушілердің аналогтарына сәйкес келеді, электросамокат конструкциясы оны бүктеп жинауға  болатындай етіп жобаланған, SmartApp – қосымшасы жылдамдық пен батареяның зарядын бақылауға мүмкіндік береді, ал электр сымдары корпусқа тасаланған.

– Сәуір айының ортасында әр түрлі мамандықтағы төрт студенттен құралған команда жасақтадық. Одан кейін Machine Shop тәжірибелік-эксперименттік цехының мүмкіндіктерімен танысып, FAB LAB сандық прототиптеу зертханасы инженерлерінің алғашқы кеңесін алдық. Содан кейін Скутер құрастыруға қажетті барлық жабдықтарды: қол аспаптарын, лазер станогын, 3D принтерді және көптеген т.б. белсенді игере бастадық, – деп әңгімелейді команда капитаны және Скутер дизайны, 3D моделі мен механизмдері үшін жауапты Ерсұлтан.

Қосымшаларды және микроплаталарды әзірлеуге жауапты Сұлтанмұраттың айтуынша, скутердің ноу-хауы  оның смартфондағы арнайы мобильді қосымша арқылы қашықтықтан іске қосылуы, яғни моторды іске қосу үшін қосымша арқылы қосылу және төрт таңбалы құпия сөзді енгізу қажет. Бұл қадам ұрлап айдап кету қаупін айтарлықтай төмендетеді. Бастапқыда скутердің прототипі дизайнының 120 нұсқасы сыналды, өйткені  әзірлеушілер ең жақсы үлгі жасағысы келді.  Осыған қарамастан, құрастыру барысында Скутер дизайны қайтадан өзгеріске ұшырады. Команда батареялық бөлікті құрастырып, оған мотор-дөңгелекті қосып, Скутер моторы қуат көзі арқылы сыналды.

– Скутердің әр бөлігін кем дегенде екі рет жасадық, руль бөлігін, атап айтқанда ашаны  төрт рет ауыстырдық. Бірінші нұсқада ол ебедейсіз түрде болды, біз оны ыңғайлы түрге  жеткіздік. Біз металмен жұмыс істедік, металл табақшаларын қиып, әр түрлі манипуляциялар жасадық. Біз төрт түрлі модельді сынадық және соңында сопақ, ағынды  және эргономикалық алдыңғы ашаға қол жетті. Атап айтқанда бұл скутер сату үшін емес, жарыстарға қатысу үшін құрастырылды. Біз әлі де дизайн мен техникалық бөлімді жетілдіретін боламыз, бірақ алғашқы жоспарлар бар – сатуға 100 скутердің сериясын жасап шығару,- деп жалғастырды Ерсұлтан.

Ақмарал Қалманбаева командада бизнес-жоспарға жауапты, жобаны коммерцияландыру және ілгерілету бойынша жұмыс істейді.

– Алдымен біз шағын зерттеу-сауалнама жүргіздік, оған 700-ге жуық адам қатысты, олардың 662-і 17-23 жас аралығындағы, 21-і 17 жастан кіші, 15-і 24-35 жас аралығындағы және жетеуі 35 жастан асқандар. Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің басым бөлігінің электросамокаты жоқ, бірақ оны сатып алып, күн сайын пайдаланғысы келеді екен, – деп нәтижелермен бөлісті Ақмарал.

NURIS қызметкерлерімен бірге электроника дүкендері мен интернет-дүкендерде осындай скутерлерді сату бойынша талдау жүргізілді, оған сәйкес 2017 жылдан бастап 2018 жылға дейін электр скутерлерін сату 70% – ға өскен. Бұл үрдіс автомобильдерді пайдаланудан саналы түрде бастартудың арқасында екпін алып келеді. Таяудағы болашақта NU TEAM Қазақстан нарығында скутерді коммерцияландыру бойынша бизнес-жоспар әзірлейді.

Бұдан басқа, команда NURIS бизнес-инкубаторының бастапқы сатыдағы инновациялық стартаптарын қолдау бойынша төрт айлық бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр. Балалар тәжірибелі менторларға қол жеткізе алады, бизнес-білім негіздерін, коворкингтегі кеңселік кеңістікті және әрі қарай әзірлемелер үшін техникалық қолдауға ие болады. NU TEAM кеңейтілмекші, команданың жаңа мүшелерін іріктеу үшін байқау жарияланатын болады. Мұндай жұмыста қажет сапалар: 3D-модельдеу дағдылары, инженерлік және сыни ойлау және ең бастысы, мақсаткерлік.

Қазір команда Испанияда жүр және Castelloli Smart Scoooter Challenge жарыстарына қатысады. Балалардың айтуынша, 30 команданың ішінен екінші кезеңге тек 21 команда өтті. Castelloli Smart Scoooter Challenge – бұл халықаралық жарыстар, онда командалар өздерінің инженерлік әзірлемелерін ғана емес, сонымен қатар нарыққа талдау жүргізіп, бизнес-жоспар ұсынады, онда олардың әрқайсысы өз машинасын өндіру, баға, дилерлер, нарықтар және т. б. тұрғысынан іске қосуды қалай бағалайтынын түсіндіретін болады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Назарбаев Университетінің жас және дарынды инженерлерінің басқа студенттік командасы Сингапурдағы “Shell Eco-Marathon Аѕіа 2018” халықаралық марафонында “Электр батареясымен жұмыс істейтін электромобиль прототипі” санатында 26 топтың арасынан 13-ші орынға ие болды. Self-made Скутер және әлеуметтік желілердегі Назарбаев Университетінің инновациялық кластерінің басқа да жобаларын қадағалаңыз!  Сіз инновациялар, стартаптар және жоғары технологиялар әлеміндегі соңғы жаңалықтардан хабардар боласыз!