ISSAI ғалымдарының әзірлемесі жерасты жұмыстарының қауіпсіздігін арттырады

ISSAI әзірлемесі Wi-Fi сигналдары негізінде жер астындағы кеншілерді табуға мүмкіндік береді. Ақылды технологиялар және жасанды интеллект институтының ғалымдары жерасты жұмыстарын қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін өздерінің әзірлемелері туралы айтып берді. 

Жобамен жұмыс істеу барысында ISSAI командасы Хромтаудағы “Донской” шахтасы мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытына барды. Бүгінгі таңда жобалық топ қажетті мәліметтерді жинаумен айналысады. Осыдан кейін команда машиналық  зерделеу алгоритмін жасауға кіріседі.

Дайын модельде деректер қолжетімді Wi-Fi нүктелерінен, сондай-ақ IMU-сенсорлар түрінде қабылданған сигнал күші түрінде келеді. IMU сенсорларының үлгілері – смартфондардағы қосымша қадам өлшегіштер. Оларда үш сенсор бар, олар адамның үдеуі мен жердің үдеуінің қай бағытта жүретінін анықтайды, адамның үш жазықтыққа қатысты орналасуын белгілейді және жердің магнит өрісін анықтайды. Мысалы, егер қандай да бір жерде Wi-Fi желісі ұсталса, біз адамның орналасқан жерін анықтай аламыз, бірақ егер адам Wi-Fi жоқ жерге барса, онда адам қай жаққа қарай кеткенін және қандай қашықтық өткенін анықтау үшін IMU-сенсорларды пайдалануға болады“, – дейді ISSAI деректер талдаушысы Мұхамет Нұрпейісов.

Модельді әзірлеу үшін ISSAI зерттеушілері NVIDIA DGX-2 суперкомпьютерін қолдана отырып, нейрондық желілерді терең зерделеу технологиясын қолданады. Жоба тобы түскен сигналдар негізінде адамның орналасқан жерін анықтау моделін үйретеді. Әзірлеушілер болашақта, қажет болған жағдайда, модельді кез келген қоғамдық орындарда адамдардың орналасқан жерін анықтау үшін бейімдеуге және пайдалануға болатынына сенімді.