Гонконг студенттері Назарбаев Университетінде «Бір белдеу – бір жол» жобасының шеңберінде Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарын зерттеуде

Гонконг Сити Университеті «Global Business Management» магистрлік бағдарламасының модульдерінің бірін Назарбаев Университетінде өткізуде. Профессорлар мен студенттер Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің оқытушыларынан білім алып, семинарларға қатысып, жетекші қазақстандық компанияларға (ERG, AIFC, «Родина» агрофирмасы және т.б.) барып, олардың басшыларымен қарым-қатынас жасайды. Курстың соңында студенттер Қазақстанда не үйренгендері туралы курстық жұмысты тапсырулары және жергілікті компанияларға ұсыныстар  берулері керек. 

Қазақстанның «Бір белдеу – бір жол» жобасын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаратынын Гонконг Сити Университетінің профессорлары атап өтті. Биылғы жылы Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу қазақстандық делегацияның құрамында Қытайдағы «Бір белдеу – бір жол» форумына қатысты.

Зигуанг Чен, Гонконг Сити Университетінің Ұйымдық мінез-құлық және персоналды басқару жөніндегі  профессоры:

«Біз «Жаңа Жібек жолы» тақырыбын зерттеу үшін Қазақстанды кездейсоқ таңдаған жоқпыз, өйткені біздің Президентіміз Си Цзиньпин «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы жайында алғаш рет 2013 жылдың қыркүйек айында Назарбаев Университетінде жариялаған болатын. Сондықтан біз осы университетті таңдап алдық және тәжірибемен алмасу үшін студенттерімізді алып келдік».