I Гендерлік форум Назарбаев Университетінде өз жұмысын бастады

Назарбаев Университетінде I Гендерлік форум өз жұмысын бастады. Биылғы іс-шараның тақырыбы “Орталық Азиядағы Гендерлік сын-қатерлер мен өзгерістер”. Форумға 100-ден астам ғалымдар, оқытушылар, қазақстандық және халықаралық ұйымдардың қызметкерлері қатысуда. Негізгі спикерлер арасында-доктор Со Янг Ким (So Young Kim), Корея озық технологиялар институтының (KAIST, Корея) Ғылым және технологиялық саясат Жоғары мектебінің басшысы және Доктор Гүлнара Ибраева – Орталық Азия журналисі, ғалым және гендерлік даму мәселелері бойынша халықаралық сарапшы.

“Бұл форум-Қазақстанда және одан тыс жерлерде гендер саласында жұмыс істейтін ғалымдар, практиктар мен институттар арасындағы диалогты бастаудың тамаша мүмкіндігі. Форумды біз алғаш рет өткізіп отырмыз, биыл 100-ге жуық қатысушымыз бар. Біз форумда гендерлік тақырыптың теориялық және практикалық аспектілерін толық көрсетуге ұмтылғанымызды атап көрсету керек. Мысалы, белсенді қатысушылардың бірі Назарбаев Университеті Медицина мектебінің профессорлары болып табылады, олар дәрігерлердің пациенттермен жұмыс істеу барысында қандай мәселелермен бетпе – бет келгенін, ал қазақстандық мектептердің өкілдері оқушылармен жұмыс жасауда қандай гендерлік аспектілер маңызды екенін талқылайды”, – деді Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебінің қауымдастырылған профессоры Дженифер Льюис.

Форумның тақырыбы мансаптық мүмкіндіктердегі теңдік, қоғамдық тәртіп нормалары, саясаттағы әйелдер қатысуы, жастарға жыныстық білім беру, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер кәсіпкерлігі, ЛГБТК-науқастармен медициналық практикадағы жұмыс, сыбайлас жемқорлықтың гендерлік аспектілері және т. б. мәселелерін қамтиды. Форумның екінші күні стейкхолдерлердің дөңгелек үстелі өтеді, онда білім беру саласының қызметкерлері, ғалымдар, ҮЕҰ мен ұйымдардың өкілдері өңірдегі гендерлік зерттеулерді іс жүзінде қолдануды талқылайды.

“Мен Назарбаев Университетіндегі әріптестеріммен бірге оқушылар ортасындағы гендерлік аспектілер бойынша ауқымды зерттеу жүргіземін. Мектеп оқушыларының ортасы мен тәжірибесін зерделеумен қатар, біз 7-8 сынып оқулықтарының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі мазмұнын талдадық. Ертең біз дөңгелек үстелде зерттеу нәтижелерімен бөлісеміз”,-деді Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің ассистент-профессоры Анна Коэн-Миллер.

Форумның басты ұйымдастырушысы-бес жыл бойы Назарбаев Университетінде жұмыс жүргізіп жатқан Гендерлік ғалымдар консорциумы (GenCon).