Филипп Белл, CPS оқытушысы: «Өмір сүрудің өзі бұл жерде басқалай»

Филипп Белл НУ командасына 2010 жылы қосылды, университеттің ашылуының алғашқы күндерінен бастап ол НУ Дайындық мектебінде сабақ береді. Ол университетте болған барлық өзгерістердің куәгері болды. НУ веб-сайтына берген сұхбатында ол өзінің естеліктерімен және байқауларымен бөлісті.

BIO
Филипп Беллдің кәсіби тәжірибесі өте мол. НУ-ға келер алдында ол Ұлыбританиядағы, АҚШ-тағы, Жапониядағы және Сауд Арабиясындағы түрлі ұйымдарда жұмыс істеді, сондай-ақ Нью-Йорктегі (АҚШ) БҰҰ штаб-квартирасында қызмет атқарды. Белл мырзаның 30 жылдық сабақ беру тәжірибесі бар, оның ішіндегі тоғыз жылды ол НУ-ға арнады.

– Сіз елгезек адамға ұқсайсыз, өз заттарыңызды тез жинап, жаңа жерге көшуге әрдайым дайынсыз.
– Әрдайым мені тыныш пәтер, ыңғайлы душ пен жақсы кітаптар күтіп тұрады деп сенемін. Қай жерде тұрсам да, менің күн тәртібім біркелкі: дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын, жүгіремін немесе жаттықтыру залында спортпен шұғылданамын және кітап оқимын.

– НУ-да жұмыс істеу туралы сіздің шешіміңізге не әсер етті?
– Сол уақытта мен Сауд Арабиясында жұмыс істеп жүрдім және сол елден кетіп, жаңа жұмыс орнын ауыстыруға дайын болдым. Мен UCL (Лондонның Университеттік колледжі – Дайындық мектебінің бірінші әріптесі) жариялаған вакансияны көрдім. Қазақстанға келу мен үшін өте қызықты болды. Мен қырғи-қабақ соғыс уақытында өстім және сол заманда Кеңес Одағының аумағына саяхатқа бару мүмкін емес болатын. Мені әрдайым орыс елінің және кеңес одағының тарихы қызықтыратын, маған орыс әдебиеті ұнайтын. Әрине Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі, алайда орыс тілі де кең таралған, сондықтан осында келу мен үшін өте қызықты болды. Тағы да бір қызықты жағдай: мен БҰҰ-да жұмыс істеп жүргенімде бірнеше қызметкерлер бұрынғы Кеңес Одағынан болатын, солардың ішінде алғашқы оқушыларымның бірі, Алматыдан келген қазақ дипломаты Мұрат деген жігіт болған еді.

– Сіздің үмітіңіз ақталды ма?
– Соншама қатты үміттенген жоқпын деп те айтуға болады. Жалпы, бұл менің өмірлік философиям: ашық және жаңа нәрсеге дайын болу. Маған бұл жерде бәрі ұнайды, студенттер тәртіпті, университет те өте жақсы.

– Сіз қай пәннен сабақ бересіз?
– Мен студенттерге академиялық ағылшын тілінен сабақ беремін, осы пән академиялық тіл мен зерттеу дағдыларын дамытуды, сондай-ақ ғылыми дереккөздермен жұмыс істеуді қамтиды.

– Қазақстандағы студенттерді қалай сипаттайсыз? Бүкіл жерде студенттердің бәрі бірдей деп айтуға бола ма?
– Мен бұлай деп айтпас едім. Жалпы алғанда, НУ студенттері өте ынталы, зерек және инабатты. Осында тоғыз жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын және мен үшін таңғаларлық жәйт, ешқашан Қазақстаннан басқа елдерде болмаса да, студенттердің көпшілігі тілдік дағдыларды жақсы меңгерген және дайындалған. Әрине, оларда бүгінгі күннің артықшылығы болып табылатын Интернет бар, сондықтан олар Еуропада немесе Америкада болып жатқан оқиғалар туралы жақсы біледі. Алғашқы жылдардан бастап бізде жақсы тілдік дағдыларды меңгерген үздік студенттер оқиды.

– Қызықты, өйткені бұл ақындар көптеген ескірген сөздерді қолданады ғой.
– Ия. Мысалы, орыстың «краса» деген сөзі «сұлулық» деген мағынаны білдіреді. Білесіз бе, поэзия грамматиканы меңгеру үшін өте тиімді. Мысалы, Фет былай деп жазды: «Керемет көрініс… көк аспаннан шашылған нұр». Орысша айтқанда: «Чудная картина… свет небес высоких». Бұл жерде «небес» – заттың ілік септігіндегі көпше түрі (жанрлық), жалғаулары жоқ, ал «высоких» деген сөз сын есім. Сондықтан, грамматикалық оқу құралындағы үлкен кестелерді жаттаудан қарағанда, поэзия арқылы тілді үйрену неғұрлым оңай. Тағы да есіме сақтағаным, орыс тілінде -а әрпіне аяқталатын сөздердің көпше түріндегі көптік жалғауы «0» болады.

– Поэзия арқылы орыс тілінің грамматикасын меңгеруге арналған жақсы лайфхак!
– Немесе Фет шығармаларынан екінші мысал: «Мен сізге сәлем жолдадым …», орысша: «Я пришел к тебе с приветом…»

– Рассказать, что солнце встало…
– Ия. Ол «к тебе» деп жазады – бұл барыс септігі. «С приветом» – көмектес септігі. Сондықтан грамматиканы үйренудің ең жақсы жолы – нақты мағынасы бар нақты сөйлемдерді талдау.

– Тоғыз жыл бойы Астанада тұрып жатырсыз, қалада қандай өзгерістерді байқадыңыз? Сізде сағыныш сезімі болды ма?
– Мен Астананың кішкентай бөлігі туралы және НУ кампусы туралы айта аламын. Қала маған қауіпсіз және тартымды болып көрінеді. Бұл жерде қоғамдық көлік қолжетімді және арзан. Мен таксиді пайдаланбаймын, автобуспен жүргенді ұнатамын. Мен осында көшіп келгеннен бастап Астанада көлік қозғалысының нашарлағанын байқадым. Бұрын мен кампустан «Северное сияние» тұрғын үй кешеніне дейін өте тез жететін едім. Бүгін олай емес. Мен өзеннің оң жағалауында орналасқан қаланың ескі бөлігін ұнатамын. Теміржол вокзалының маңында ескі кеңес кезеңіндегі раритет заттарды сатып алуға болатын дүкен бар. Сол жерде кеңес заманының сағатын сатып алдым, ол өте керемет. Мен сондай-ақ Есениннің бюстін сатып алдым, ал дүкеннің иесі маған «Правда» газетінің ескі данасын және Александр Блоктың өлеңдер кітабын сыйға берді. Бұл жерде маған не жетіспейді – әрине, ескі заттар сатылатын базар. Сондай-ақ мен ағылшын кітап дүкендерін сағынамын. Иә, Астанада ағылшын тіліндегі кітаптарды табуға болады, бірақ таңдау өте үлкен емес.

– Келесі жылы НУ өзінің 10 жылдық мерейтойын тойлайды, Сіз де өзіңіздің кәсіби мерейтойыңызды университетте атап өтесіз. Мұнда жұмыс істеуге Сізді не ынталандырады?
– НУ-дың қалай басталғаны, екінші блокта 500 студентті қабылдау күні әлі есімде. Бүгінде біз университеттің жан-жақты өскенін көре аламыз. Жаңа ғимараттар салынды, студенттер мен қызметкерлер саны ұлғайды. Кітапхана жаңа кітаптармен толықтырылды. Отырып демалуға және сөйлесуге болатын кең жаңа кафелер ашылды. Университеттің өмірі айтарлықтай жандана түсті. Және бұл жерде өмір сүру сапасы да жақсара бастады. Сіз ынталандыру туралы сұрадыңыз. Біріншіден, маған оқытушылық қызмет өте ұнайды. Мен студенттермен жақсы қарым-қатынастамын. Мен оларды өте бағалаймын, олармен және университетті бітіріп кеткен түлектермен қарым-қатынаста болғаныма өте ризамын. Студенттер ризашылығы мол адамдар. Мен өз жұмысымды жақсы көремін!