“Exploring the Energetic Universe 2019” Екінші халықаралық конференциясы ашылды

Бүгін Назарбаев Университетінде “Exploring the Energetic Universe 2019″екінші халықаралық конференциясы ашылды. Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың қолдауымен Назарбаев Университетінің (НУ) энергетикалық зертханасы бастамашылары мен ұйымдастырушылары болды. Конференцияға АҚШ, Италия, Норвегия, Ұлыбритания, Корея, Қазақстан, Үндістан, Жапония, Өзбекстан және Ресей ғалымдары қатысуда. Конференцияның бағдарламалық комитетінің төрағасы – зертхананың негізін қалаушы және ғылыми жетекшісі, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут (George F. Smoot).

Конференция астрофизика мен космологияның іргелі мәселелерін талқылаудан басталды. Ұйымдастырушылар технологиялардың дамуымен, кванттық детекторларды (оның ішінде аса төмен температура жағдайында), информатика және есептеу математикасы негізінде ғарыштан сигналдарды тіркеу мен диагностиканың жаңа құралдарын әзірлеуді қоса алғанда, соңғы жылдары ғарышта жаңалықтар ашу ағыны бұның алдындағы онжылдықтардың рекордтарынан асып түскендігін  атап көрсетті. Бұған жер маңындағы ғарыш кеңістігін жедел игеру өз ықпалын тигізіп отыр.

“Соңғы уақытта астрофизикада көптеген қызықты жаңалықтар ашылуда. Бұл гравитациялық толқындар туралы жаңа деректер. Күні кеше ғана әлем адамзат тарихында алғаш рет қара құрдымның фотографиялық бейнесін алды. Қазақстанның да ғарыш зерттеулерін дамытуға өз үлесін қосып отырғаны қандай тамаша. Назарбаев Университетінде Беркли зертханасымен (АҚШ), Франция және Гонконгтың зерттеу орталықтарымен тығыз халықаралық ынтымақтастық орнатуға қол жеткіздік. Біздің зертханамыздың міндеті – қазақстандық жастарды осы зерттеулерге белсенді тарту”, – деп атап көрсетті НУ Энергетикалық ғарыш зертханасының жетекшісі доктор Джордж Смут.

“Ғарыш ғылымы Қазақстан үшін перспективалы инновациялық бағыттардың бірі болып табылады. Сондай-ақ біздің орталық осы салада білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндігі ретінде аталған конференцияны өткізуді қолдады”,- деп атап көрсетті Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың атқарушы директоры Дэвид Клив.

Конференция космология және астрофизика саласындағы мамандардың өзара іс-қимылына, университеттер мен Қазақстан және ТМД елдерінің ғылыми орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі бағыттарын нығайтуға және жаңа бағыттарын дамытуға арналған өзіндік диалог алаңы болып табылады.

Энергетикалық ғарыш зертханасы туралы:

Энергетикалық ғарыш зертханасы 2016 жылы Назарбаев Университетінде профессор Джордж Смуттың басшылығымен ғылыми халықаралық орталық ретінде құрылды. Зертхананың негізгі бағдарламалары MKIDS детекторлар мен басқа да криогендік датчиктерді, жылдам жарқылдарды зерттеуге арналған криогендік қондырғыны; гамма-жарқылдарды және басқа да өтпелі процестерді өлшеуге арналған көпдиапазонды оптикалық телескоп бойынша эксперименттерді; асқын жылдам астрономиялық аспаптарды, сондай-ақ космология теориясын және деректерді талдауды қамтиды.