Дүниежүзілік диабетпен күрес күніне орай Медицина мектебінің акциясы

14 қарашада Назарбаев Университетінің Медицина мектебі астаналық ірі сауда орталықтарының бірінде Дүниежүзілік диабетпен күрес күніне орайластырылған халықты қант диабеті туралы ақпараттандыру бойынша іс-шара өткізді.

Акцияның мақсаты қоғамның назарын әлемдегі ең кең тараған аурулардың бірі – диабетке аудару, сондай-ақ халықтың ауруларға деген немқұрайлылығын жою, қандағы қант деңгейін бақылау мәдениетін тарату және халық арасында қант диабетіне скрининг өткізуді танымал ету болды.

Статистика бойынша бүгінде бүкіл әлемде қант диабетімен 425 миллионға жуық ересек адам (әрбір 11-ші) зардап шегеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш әртүрлі деректер бойынша 1,3 миллион адамға дейін жетеді, олардың жартысынан астамы диагностикадан өтпеген. Сонымен қатар, диабетті нашар бақылау жүрек аурулары мен инсультті, бүйрек ауруларын, аяқ-қолдың ампутациясын және соқырлықты қоса алғанда, күрделі асқынуларға әкелуі мүмкін. Ерте диагностикалау және емдеу өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алудың немесе кейінге қалдырудың кілті болып табылады.

«Медицина мектебінің студенттері 300-ден астам адамның дене салмағының индексін және қандағы қант деңгейін өлшеп, қант диабетінің қауіпін бағалау үшін сауалнама жүргізді, сондай-ақ тексеру нәтижелерінің негізінде тексерілушілерге жеке ұсыныстар берді. Қант диабетімен ауыратын 8 жаңа жағдай анықталды, тексерілгендердің 13%-ы жоғары тәуекелге ие болды, 16% – орташа және 24%-да қант диабетінің даму тәуекелі төмен. Зерттелген адамдардың 43.5%-да диабеттің даму қауіпі таяудағы 10 жылдың ішінде кемінде 1%-ды құрайтын болады» – деп хабарлады Медицина мектебінің нұсқаушысы Атагелдиева Құралай.

Іс-шара Диабет-флэшмобпен аяқталды, оның негізгі мақсаты – бүкіл әлемде миллиондаған адам күнделікті өмір сүретін ауру туралы хабардарлықты арттыру, сондай-ақ диабет мәселелері бойынша алдын алу және ағарту жұмыстары барысында отбасы мен жақындардың рөліне жәрдемдесу.

Дүниежүзілік диабетпен күрес күнін 1991 жылы Халықаралық диабет федерациясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлемде диабет ауруының өсу қауіпіне жауап ретінде енгізді. Ол 2007 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен өткізіледі.