Біздің жасыл кампус

Назарбаев Университеті ашылған сәттен бастап жасыл технологияларды дамытуға бағыт алды. Университет қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін дамытып, экология тақырыбын ілгерілетуде. Біздің сұхбаттасушымыз – Green Campus және қоршаған ортаны дамыту офисінің жетекшісі Гүлжан Ермекова, ол бізге офистің ағымдағы жобалары және жуырда Назарбаев Университетінде өткен Climate Laucnhpad халықаралық конкурсының нәтижелері туралы айтып берді.

– Green Campus жобасы қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін дамыту және университеттің экологиялық тұрақтылығын дамыту мақсатында 2016 жылы бастау алды. Бүгін жобаға біздің Green Campus офисіміз, Green Campus университет комитеті және nu Green Society студенттік қоғамдастығы қатысады.            

Офистің негізгі міндеттеріне университеттің тұрақты даму саласындағы барлық қызметін үйлестіру, стратегиялық құжаттар әзірлеу, экологиялық саясат және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жобалармен байланысты іс-шараларды өткізу жатады. Green Campus офисі NU Green Society студенттік ұйымымен тығыз байланыста жұмыс істейді оған 50-ден астам студент қатысады. Біз Green Week, мастер-класс, эко-трип және т. б. сияқты студенттердің эко-бастамаларын қуана қолдаймыз.  Green Campus комитеті жобаның  “think tank” ұйымы болып табылады, онда идеялар мен жобалар шоғырландырылады және олардың іске асырылуы талқыланады. Мұнда сондай-ақ, ең өзекті мәселелер мен университет кампусының экологиялық өмірімен байланысты мәселелер талқыланады. Комитетке профессорлар, ғылыми қызметкерлер, студенттер, университеттің еншілес ұйымдары мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылары кіреді. 

Биыл офис кампуста жүзеге асыратын тұрақты даму бойынша студенттер мен қызметкерлердің зерттеу және инновациялық жобаларын қолдауға бағытталған Sustainability Living Lab бағдарламасын іске асыруды бастады. Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама аясында бес жоба жүзеге асырылуда: оранжерея, фермерлік бұрыш, биодизельді отын, пайдамат және green box.  Қыркүйек айында бағдарламаға қатысуға өтінімдер қабылдаудың екінші кезеңі басталады. Осы бағдарлама бойынша Chevron компаниясы біздің серіктес және демеуші болып табылады.

Екі экологиялық басым сала: парниктік газдар шығарындыларын азайту және қалдықтарды басқару жүйесін жақсарту Green Campus үшін таяу болашақта негізгі сала ретінде бөліп көрсетілген. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін офис көміртегін қажетсінуді төмендетудің бесжылдық жоспарын (Carbon management plan) әзірлейді, сондай-ақ кампуста түрлі қалдықтарды жинау жүйесін енгізеді: макулатура, пластик, шыны, батарейкалар, құрамында сынап бар шамдар және басқалар.

Офис кампусты көгалдандыруға үлкен көңіл бөледі. Тек осы жылы ғана Freedom Finance, Алтын Банк, Қазатомөнеркәсіп және Транстелеком сияқты ұйымдар университетке ізетпен сыйлаған 600-ге жуық ағаш отырғызылды. Ағымдағы жылдың  соңына дейін тағы 1000 ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз

– Жақында Назарбаев Университетінде Climate Laucnhpad байқауының бір кезеңі өтті. Оның мақсаты мен нәтижелері туралы айтып беріңізші?

– Иә, шынында да, Назарбаев Университетінің қабырғасында жасыл және таза технологиялар саласындағы таланттарды іздеуге және қолдауға бағытталған Climate Launchpad халықаралық байқауының ұлттық кезеңі өтті. Green Campus және Astana Business Campus офисі Climate Laucnhpad ұлттық серіктестері болып табылады және бұл іс-шара университетте екінші жыл қатарынан өткізіледі.  Биыл байқауға қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 80-нен астам өтінім келіп түсті, оның ішінде экология және қоршаған ортаны қорғау саласында әртүрлі идеялар ұсынған 12 команда жартылай финалға өтті. Командалар еліміздің түкпір-түкпірінен: Ақтөбе, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған қалаларынан келді.

Өткен аптада жартылай финалистер climate Laucnhpad тренері – Елена Месьюдің қатысуымен BootCamp жаттығу сессияларына қатысты. Climate Launchpad байқауға қатысушылардың әрқайсысы өз командасын таныстырып, идеяларымен бөлісуге мүмкіндік алды.  Командалардағы жұмыс оларға бизнес стратегиясы мен маркетинг негіздерін зерттей отырып, стартап мүмкіндіктерін талдауға көмектесті. Алда қатысушылар тамыз айында өтетін Follow-up сессиясын, сондай-ақ жеңімпаз Амстердамдағы Гранд-финалға аттанатын ұлттық финал күтіп тұр. Біз, өз кезегінде, барлық командаларға байқауға қатысқандары үшін, олардың табиғи ортаны қорғау мен сақтаудағы белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіргіміз келеді, сондай-ақ оларға байқаудың келесі кезеңдерінде сәттілік тілегіміз келеді.

– Байқауға ұсынылған ең қызықты жобалар қандай?

– Байқауға ұсынылған барлық жобалар өзінше қызықты. Олардың барлығы қоғамның экологиялық мәселелерін шешуге және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі күні көптеген адамдар экологиялық қауіпсіздікті арттыру қажеттілігі туралы ойланып, әлемде экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру және қолдау үшін түрлі жолдар ұсынуда. 

Қоғамда жинақталған экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған тамаша идеялардың мысалы ретінде конкурстық комиссия атап көрсеткен  жобалардың кейбірін айта аламын.

HydroPlat жобасы, мысалы, сутегі автомобильдеріндегі платинаны алмастыратын пайдалы наноматериалдарды өндіру арқылы қоршаған ортаны уытты қалдықтардан қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, ол күкіртсутекті сіңіруге, сутекті газға айналдыруға және наноматериалды алу үшін өртеуге қабілетті генетикалық түрлендірілген цианобактерияларды пайдалануды көздейді.

Басқа жоба табиғи минералдарды (бентонит пен цеолит) мұнай мен мұнай өнімдерінің ауыр металдарынан тазартуды ұсынады. Тағы бір қызықты жобалардың бірі – жаңбыр суын сіңіретін және құрғақшылық сәтке дейін оны топырақта ұстап тұратын абсорбент жасау идеясы.

TopyraQ жобасы органикалық қалдықтарды минералдар мен қоректік заттарға бай жер алқаптарында, топырақтың  пайдалы мекендеушілері құрттың көмегімен өңдеуді көздейді. Super microbes жобасы топырақтың пайдалы микроорганизмдері (ESM) негізінде биопрепаратты пайдалана отырып құстың қиынан экологиялық таза органикалық тыңайтқыштар өндіруді ұсынады. Бұл жоба авторының пікірінше, органикалық тыңайтқыштар алумен құс қиын кәдеге жарату ауаның, топырақтың және судың құс шаруашылығының улы қалдықтарымен ластануын төмендетуге ықпал етеді.

Құрылыс, өндіріс және бизнес саласындағы қызықты жобаларды да атап көрсетуге болады. Айталық, жобалардың бірінде қарапайым қамыс (өсімдік) қосумен құрылыс материалдарын өндіру ұсынылады: қамыс кірпіш немесе қамыс плиталары, бұл қазір құрылыста қолданылатын тас кірпіштерге немесе бетон плиталарға балама болуы мүмкін. Басқа Clear air жобасы жеке үйлердің тұрмыстық пештерінің және шағын қазандықтардың мұржаларын сұйықтықпен  сүзудің салыстырмалы арзан жүйелерімен жабдықтауды ұсынады. Ecocement жобасы жанбайтын экоцементті өндіру технологиясын, сондай-ақ оның негізінде аса жеңіл көбікбетон өндірісін ұсынады. 

Riddle бизнес идеясы да қызықты көрінеді, оның мәні ұсталған киім заттарын қолмен өңдеу арқылы қайта өңдеу қызметін құру болып табылады.

Конкурсқа ұсынылған жобалардың әрқайсысы өзінше қызықты және құнды, әрқайсысында өзінің ұтымды мәні бар, ең бастысы – әлемді жақсарта түсу, оны таза, қауіпсіз және экологиялы болуға айналдыру ниеті бар. Мұндай бастамалар мақсатқа жетуге – қоршаған табиғи ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және адамның ғаламшардың экологиясына әсер етуінен болатын теріс салдарларды азайтуға көмектеседі деп сенемін.