Қазіргі нарық жағдайындағы университет түлектерінің бәсекеге қабілеттілігі

Қадиша Нурдульдиновна, сіздің ойыңызша, ЖОО-ның бәсекеге қабілетті түлегі деген ұғым нені қамтиды?

ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік мәселесі бүгінгі күні білім беру және мемлекеттік кадр саясаты саласындағы ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Бұл қазіргі әлемде өмірдің барлық салаларында қарқынды өзгерістер орын алуына байланысты, сондықтан қазіргі заманғы жағдайлар жастарға еңбек нарығындағы жаңа тәртіп ережелерін талап етеді, ЖОО ең алдымен түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға көбірек көңіл бөледі.  Бұған тек олардың дамуы мен маман ретінде қалыптасуы ғана емес, сонымен қатар елдің болашағы да, ертең қалай болатынымыз да байланысты. Елбасы Н. Назарбаев сөйлеген сөздерінің бірінде атап өткендей, «жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы, Қазақстанның болашағы сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Бүгінде тек мемлекеттердің ғана емес, сонымен қатар адам мен адамның бәсекелестігі жүріп жатыр. Мұнда ғылым мен білімнің мәртебесін көтеретін және артта қалмайтын креативті ұрпағы бар ел жеңеді”.

Бұл пікірмен келіспеу қиын. Біздің жастарымыз да өздерінің және елдің алдындағы жауапкершіліктерін түсінеді деп ойлаймын. Оған мен осы күндері өткен Назарбаев Университетінің бесінші оқу бітіру кезеңі түлектеріне қарап сенемін.

Жұмыс берушінің үміткерге қоятын талаптары жоғары болғандықтан, бүгінгі таңда оқу бітірушінің бәсекеге қабілеттілігі тек қана оның кәсіби біліктілігімен шектелмейді. Кәсіби білімімен қоса, коммуникативтік қабілеті жоғары болып, мақсатқа жетуге талпынысы, бейімділігі, дербестігі, белсенділігі, жылдам оқып үйренуі, шығармашылығы және сыни ойлау қабілеті, сондай-ақ үнемі өзін-өзі дамытуға ұмтылысы басым болуы тиіс. Сонымен қатар, түлектердің кәсіби біліктілігінен басқа, олардың ұжымда жұмыс істей білуі, өзінің достарына көмектесуі және қолдау көрсетуі, әлеуметтік жауапты болуы сияқты, адамдық, жеке қасиеттерінің болуына зор мән берілетінін ескерген абзал.

Бүгінде жоғары оқу орындарының міндеті – студенттерге жақсы білім беріп қана қоймай, сонымен қатар еңбек нарығында өсіп келе жатқан бәсекелестікке оның жылдам бейімделуі үшін қажет еңбек және кәсіби траекторияларының негізін қалау. Осы мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, биыл біз 2019 жылы 6-7 маусымда Назарбаев университетінде өтетін Жоғары білім көшбасшыларының VIII жыл сайынғы Еуразиялық форумы аясында талқылауға осы маңызды тақырыпты енгіздік. Атап айтқанда, біз форумның “Болашаққа дайын түлектер” атты басты тақырыбы аясында қызықты сессиялар сериясын дайындадық. 

Биыл форумда біз жоғары оқу орындарының студенттерді еңбек нарығының өзгермелі сипатына бейімдеп даярлау, сондай-ақ болашақ көшбасшылар мен жауапты азаматтардың әлеуетін дамыту мүмкіндігін талқылауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні оқу орындарының алдында студенттердің бойына сіңіретін құндылықтарды арттыру міндеті тұр, бұл дегеніміз – тәжірибені интернационалдандыру, зерттеулерге қатысуға мүмкіндік беру, өмір бойы оқу, сондай-ақ жетекші компаниялармен сенімді әріптестік қарым-қатынас жасау. Осы және басқа да мәселелер форум сессиялары кезінде талқыланатын болады. Сессиялардың барысында білім беру, бизнес және үкіметтік ұйымдардың жетекшілері, ғылыми қызметкерлер мен жұмыс берушілер білім беру мекемелеріне жаңа сын-қатерлерді қалай жеңу керектігі туралы сұрақтарда өз тәжірибелерімен бөліседі.

Қазіргі еңбек нарығы жағдайында ЖОО түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қандай факторлар әсер етеді?

 Мен бұл факторлардың жиынтығы деп айтар едім. Біріншіден, бұл – сапалы білім. Біз бұған басты назар аударамыз. Назарбаев университетінің стратегиялық даму моделі әлемнің үздік университеттерінің рейтингісінде тұрған жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестікке негізделген. Университеттің әрбір мектебі мен ғылыми орталығы әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен ынтымақтастықта құрылған. Біздің университетте оқу ағылшын тілінде жүргізіледі. Біз  дербестік және академиялық еркіндік принциптерін ұстанатын Қазақстанның алғашқы университеті болдық. Тиімді академиялық орта құру және елдің адам капиталын дамыту мақсатында университетке студенттерді оқыту үшін көптеген елдерден үздік халықаралық зерттеушілер шақырылды. Бүгінгі таңда университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен ғылыми қызметкерлері әлемнің 53 елінен келген 477 адамды құрайды (олардың ішінде 26% – ұлттық кадр).

Екіншіден, бұл – жеке дағдылар мен біліктілікті дамыту. Ең басынан бастап Назарбаев Университеті зерттеу үлгісіндегі халықаралық университет ретінде құрылған. Сондықтан ғылыми зерттеулерді жүргізу біздің университет қызметінің басымдылығы болып табылады, бұл студенттерге де қатысты. Оқу жүктемесінің көптігіне қарамастан, біздің студенттер өте белсенді. Қазір ресми тіркелген студенттер клубтарының саны 200-ден асады, олардың ішінде музыка, спорт, би, ғылым, пікірталас, қайырымдылық және басқа да қызығушылық бойынша көптеген клубтар бар.

Үшіншіден, бұл – еңбек нарығын білу және жұмысқа орналасу. Жоғары оқу орындарының түлектері еңбек нарығына жақсы бейімделгенде жұмыс берушілер, олардың талаптары, мансапты жоспарлау, жалдау үрдісі, бос жұмыс орындары, еңбек жағдайлары және т.б. мәселелер туралы ақпарат алулары тиіс. Олар түйіндемелерін сауатты толтырып, жұмыс берушімен сұхбаттасуға дайын болулары тиіс. Сонымен қатар, студенттер жұмысқа орналасу кезінде талап етілетін тәжірибе мен қажетті дағдыларға ие болуы  үшін университетте арнайы құрылған Мансап және кәсіптік бағдарлау орталығы жұмыс істейді. Олар студенттермен тұрақты түрде жұмыс істейді, олардың тағылымдамадан өтуіне, симуляциялық сұхбат өткізуге, жұмыс берушілермен өзара қарым-қатынас жасауына көмектеседі.

Төртіншіден, өндірістік тәжірибе, тағылымдама, уақытша жұмысқа орналасу, волонтерлік қызмет немесе т.б. болсын, жұмыс тәжірибесі маңызды. Барлық осы факторлардың жиынтығы түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және жұмысқа орналасу үрдісін тез әрі тиімді етеді.

Еңбек нарығында өсіп келе жатқан бәсекелестік жағдайында түлектерге оқудың ең басынан бастап жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, ол үшін не талап етілетіндігі туралы ойлану керек және, тиісінше, жұмысқа орналасудың барлық талап етілетін кезеңдерінен сәтті өтуге дайын болу керек.

Сіздің ойыңызша, НУ түлектері қандай бәсекелестік артықшылықтарға ие?

 Университет өз түлектеріне сапалы білім берумен қатар, еңбек нарығындағы бәсекелестіктің басымдықтары болып табылатын кәсіби біліктіліктерін дамытуға, атап айтқанда, өздері оқып жатқан пән саласын терең және толық түсіну; ой зеректігі, білімге құмарлық, креативтілік және ой-өрісінің кеңдігі; алқалы түрде салмақты шешімдер қабылдай білу және жаңа мүмкіндіктер таба білу; іскерлік және дербестік; тіл мен мәдениет арасында мобильді және икемді делдал болу қабілеттерін дамытуға көп көңіл бөледі.

Сондай-ақ, өз елінің жауапкершілігі мол азаматы бола тұра, ой-санасының деңгейі жоғары, елдің дамуына үлес қосуға дайын, әлемнің мәдениетті және толерантты азаматы болу маңызды артықшылықтар екені белгілі. Біз осы қасиеттер мен дағдыларды студенттеріміздің бойына сіңіруге тырыстық. Бүгін мен олар – біздің үмітіміз және біздің үмітімізді олар ақтайды деп мақтанышпен айта аламын.

Бұған дәлел ретінде айтарым, Назарбаев Университетінің алдыңғы төрт оқу бітіру кезеңдерінің түлектері, олар 2500-ден астам студент, бүгінде қазақстандық және халықаралық компанияларда табысты жұмыс істеуде, өз бизнестерін ашып, стартаптарды іске асыруда (60%), сондай-ақ әлемнің көптеген университеттерінде (29%) өз оқуларын жалғастыруда. Бұл ретте, өткен жылдардағы түлектердің жартысынан астамы Қазақстанда (52%) жұмыс істейді және оқиды, қалғандары АҚШ (15%), Ұлыбританияда (6%), сондай-ақ Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның басқа да елдерінде еңбек нарығында өз орнын тапты. Олардың арасында Google және Microsoft, APPLE сияқты жетекші IT-компанияларда, сондай-ақ Силикон алқабында жұмыс істейтін түлектер бар.

Бітірушілерге не тілейсіз?

Өз алдына жоғары өршіл мақсаттар қойып, оларға қол жеткізу, табанды еңбек ету, орнында тұрмау, үнемі өзін-өзі дамыту қажеттілігіне назар аудару, барлық бастамаларға сәттілік тілейміз!

Әрине, университетпен және достарымен байланысты жоғалтпаңыз. Біз әрқашан түлектеріміздің жетістіктеріне өте қуанамыз және оларды мақтан тұтамыз.