Қазақстан және Өзбекстан Президенттері Назарбаев Университетінде болды

2017 жылғы 23 наурызда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстанға алғашқы ресми сапарының шеңберінде Назарбаев Университетіне келді.
Сапар барысында Өзбекстан Президенті Назарбаев Университеті дамуының шебер-жоспарымен, студенттер ғылыми жобалары бойынша зерттеулер жүргізетін геномика және дербестендірілген медицина, материалтану, химиялық зертханалармен танысты.
Студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент Қадиша Даирова Назарбаев Университетіндегі студенттердің өмір сүру жағдайы, академиялық жұмыс нәтижелері мен оқу процесінің ерекшеліктері туралы айтып берді.

Қазіргі таңда Назарбаев Университетінің төңірегінде белсенді дамып келе жатқан «Astana Business Campus» инновациялық кластеріне барғанда Өзбекстан Президенті Шавката Мирзиеев зерттеу жобаларымен таныс болды. Инновациялық кластер – Astana Business Campus шетелдік және қазақстандық компанияларды, ғылымды қамтитын шағын және орта қазақстандық бизнесті бір жерге біріктіреді. Astana Business Campus-та инновациялық ортаны дамыту үшін коммерцияландыру офисі, бизнес инкубатор, технопарк, Назарбаев Университетінің зерттеу орталықтары мен мектептері жұмыс істейді.

Өзбекстан Президенті Қазақстанда бірегей болып табылатын ғылыми және білім беру шетелдік базасы мен ақпарат платформасы орналасқан Назарбаев Университетінің кітапханасына барды. Назарбаев Университетінің кітапханасы 210 000-ге жуық э-кітаптарға, 101 000-нан астам ғылыми журналдарға, 228 дерекқорлар жиынтығына (оның ішінде тестілік қолжетімділікті, ашық ғылыми және білім беру ақпарат көздеріне, университетте оқытылатын оқу пәндері бойынша жекелеген желілік жиынтықтарға) қолжетімділікті ұсынады.

Қазіргі таңда Назарбаев Университетінде 3 683 студент, оның ішінде 715-і Foundation бағдарламасында, 2 306 студент бакалавриат бағдарламасында, 580 студент магистратурада және 82 студент PhD бағдарламасында білім алуда. Бакалавриат бағдарламалары бойынша оқыту Инженерия мектебінде, Ғылым және технологиялар мектебінде, сондай-ақ Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде жүргізіледі. Назарбаев Университетінің осы Мектептері, сондай-ақ Жоғары бизнес мектебі, Жоғары мемлекеттік саясат мектебі, Жоғары білім беру мектебі, Медицина мектебі, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебі де магистратура бағдарламаларын ұсынады. Докторантура бағдарламасын Инженерия мектебі, Жоғары білім беру мектебі оқытады.