Қазақстан cенаторлары Назарбаев Университетінде болды

Назарбаев Университетіне Дариға Назарбаеваның басшылығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары келді.  Депутаттар Назарбаев Университеті қызметінің академиялық және ғылыми бағыттарымен, сондай-ақ НУ инновациялық кластерінің жобаларымен танысты.

Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсудың айтуынша, студенттер өздерінің идеялары мен жобаларын түрлі ведомстволар мен мемлекеттік құрылымдарға ұсынып отыр. Бірнеше ондаған ірі ғылыми әзірлемелер медицина, экология, ғылым, білім, қауіпсіздік салаларында табысты пайдаланылуда.

Сенаторлар медицина, биология, физика, химия, материалтану, геология, нанотехнология және тіпті археология саласындағы көптеген зерттеулерде қолданылатын электрондық микроскопия зертханасына барды.

Ұжымдық пайдалану кеңсесінің зерттеу инфрақұрылымының үйлестірушісі Александр Арбуз зертхананың ағымдағы жобалары туралы айтып берді.. Олардың арасында Балқаш өңірінің диатомды балдырлардың биоәртүрлілігін зерттеу, литий-ионды батареяларға арналған электродтардың жаңа түрлерін әзірлеу, балалардағы бүйрек тінінің биопсиясын зерттеу, бастапқыда көмірде болған металдардың қалдықтарын анықтау мақсатында Екібастұз ЖЭО күлінің фракциялық және химиялық құрамын зерттеу бойынша ERG компаниясымен бірлескен жоба.

Сонымен қатар, ғалым тот баспайтын болат және өте ұсақ түйіршікті құрылымы бар цирконий негізіндегі ядролық энергетикаға арналған радиациялық төзімді материалдардың жаңа класын әзірлеу жөніндегі зертхананың өз жобасы туралы әңгімеледі. “Осы материалдардың беріктік қасиеттері әдеттегіден 2,5 есе жоғары болғандықтан,  осындай материалдардан жасалған бөлшектердің пайдалану мерзімі әлдеқайда ұзақ болады. Олар уран таблеткалары жүктелетін ядролық реакторлардың жылу бөлетін элементтерінің түтіктерін дайындауға арналған. Бұл реакторлардың белсенді аймағының ең жауапты элементтерінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті Александр Арбуз. 

Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің зертханаларында депутаттарға бұрғылау қондырғысының түрлі функциялары мен сценарийлерін симуляциялауға мүмкіндік беретін кең ауқымды бұрғылау тренажері көрсетілді.

“Бұл технологияны қолдану болашақта бұрғылау жабдығының күрделі сыну мүмкіндігін, бұрғылау қондырғысының жоспарланбаған тоқтап қалуын, ұңғыманың жоғалуы мен аварияларды азайтуға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті бұрғылау симуляциясы зертханасының ассистенті Ғалым Сапинов.

Осында сенаторларға жоғары қысым, температура және деформациялану жылдамдығы жағдайында тау-кен жыныстарының беріктігін, деформациялануын және олардағы үрдістерді зерттеуге мүмкіндік беретін тау-кен жыныстарының геомеханикалық қасиеттерін дайындауға және зерттеуге арналған жабдықтар көрсетілді.

Технопаркте сенаторлар НУ Инновациялық кластерінің жобаларымен танысты. Сенаторлар сандық 3D – голограмма технологиясын жасаушы резиденттермен әңгімелесті. Бұл технология кез келген ғимаратты цифрлауға және оның сыртқы және ішкі 3D-проекциясын жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, депутаттарға топырақты мұнайдан тазарлаумен айналысатын және ағынды суларға анализ жасаумен айналысатын компания таныстырылды.